Алматыда 1-сыныпқа баратын балалардың 90%-ы — қазақтілді
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Сұрақ-жауап кезінде қала тұрғыны мегаполисте қазақ тілі қолданысын кеңейту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Сондай-ақ, Алматыда қазақ тілінде білім беретін мектептердің үлесі аз екенін айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
- Алматыда жалпы мектептердің – 35%-ы ғана қазақ тілді мектептер екен. Оның өзі мемлекеттік мектептерді алғанда. Ал егер жекеменшік мектептерменен қосатын болсақ, онда одан да төмен. 2020 жылы Президентіміз «Мемлекеттік тіл – ортақ тілге айналуы керек» деп үндеу жасаған, сол бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? – деді тұрғын.
Айтылған сұраққа жауап берген қала әкімі 1-сыныпқа баратын балалардың 90%-ы қазақ тілін таңдайтынын атап өтті.
- Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғаннан кейін оны дамыту үшін көп жұмыстарды істеп жатырмыз. Енді бәрін осы кездесудің басында бәрін айта алмаймын. Ал қаламызда жаңа салынып жатқан мектептердің көбісі қазақ тілінде ашылып жатыр. Оның ішінде гимназия да бар, лицей де бар. Осы жылы 1-сыныпқа келген балалардың 90%-ы — қазақтілді, – деді Ерболат Досаев.