Алматыда егде жастағы әйелді әлдекім сойылмен айуандықпен соққыға жыққан

Алматылық Анастасия есімді қыз анасын ер адам соққыға жыққанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Оның айтуынша, анасының басы мен қолы сынып, иығы шығып кеткен, деп хабарлайды Arbat.media Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға 5 сәуірде болған. Жәбірленушінің қызының айтуынша, ер адам анасының басынан, аяқ-қолы мен иығынан ұрып-соққан. Темір таяқшамен оннан астам соққы жасаған.

"Анамды ауруханаға жатқызып, он шақты жерін тікті. Бас, маңдайы мен қолы сынып, иығы шығып кеткен. Қазір жүре алмайды. Түрксіб аудандық ішкі істер бөліміне барып, жағдайымды айтып, арызымды қабылдауын сұрадым. Олар жәбірленушінің өзі келіп арызданса ғана қабылдайтынын айтты. Анамды қанға боялып, тігіс алған күйінде полиция бөлімшесіне әкелуге мәжбүр болдым", – дейді жәбірленушінің қызы.

Қыздың айтуынша, соққыға жыққан ер адам анасын өлтіргісі келген.

"Арыз берген кезде полиция істі Қылмыстық кодекстің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша тіркегенін айтты. Дегенмен бұл маған ұнамайды. Себебі ол анамды өлтіргісі келді. Оны техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істейтін жігіттер құтқарып қалған. Егер олар болмаса анам тірі қалмас еді. Себебі бұл қасақана жасалған тірлік. Полицияға тағы барғанымда, істің Қылмыстық кодекстің 108-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру) бойынша жүргізіліп жатқанын білдім. Демек адамның басы мен қолын сындыру, иығын шығарып, маңдайын жару денеге жеңіл зиян келтіру деп саналады екен", – дейді қыз.

Әйел, соққы, қыз

Тақырыпқа жаңалықтар