Алматыда заңсыз салынған ірі қойма бұзылып жатыр
Алматыда сот шешімімен ірі құрылыс нысанын бұзу жұмыстары басталды. Өңірдегі қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім еткендей, Самғау шағын ауданындағы Көкорай көшесі, 28/2 мекенжайында орналасқан 2 000 шаршы метрден астам заңсыз қойма ғимараттары толық сүріледі. Бұған дейін басқарма тарапынан «Рифтам» ЖШС-не жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, нысанның басым бөлігіне рұқсат құжаттарының жоқ екені анықталған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Басқарма Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2174 шаршы метр заңсыз салынған нысанды сүруге талап арыз берген, - деп жазады Kazinform агенттігі.
2023 жылдың 8 желтоқсанында сот талапты қанағаттандырды, ал биыл 4 наурызда Алматы қалалық сотының қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен бұзу жұмыстары басталды.