Қазақстан жаңалықтары30 наурыз 2024, 11:00

Алматыдағы элита үйдің тұрғыны күзетшіні асқан жауыздықпен өлтірді

Көлікпен үш рет мыжып, шалажансар күзетшіні тепкілеген. Алматыдағы элита үйдің тұрғыны қақпа алдындағы күзетшіні асқан жауыздықпен өлтірді. Күдікті мас күйде көлікке отырып кетпекші болған екен. Күзетші жігіт оны тоқтатуға тырысып, рөлге отырмауын өтінгенде, көлігімен таптаған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Оңбай жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, тілге келместен жан тапсырды.

Нұрбол Қайыпбаевтың артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды.

29 наурыз. Түнгі сағат 2:30. «Самал» ықшамауданындағы элита тұрғын үй кешенін күзеткен Нұрболдың бұл ақтық сапар алдындағы соңғы іс-қимылдары.

Күзетші жігітті жол талғамайтын көлік мінген азамат үш рет таптап, шалажансар жатқанда басынан тепкілеген.

Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғаға екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті азамат көлікті масаң күйде айдап қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндіруге тырысыпты.

Әлия Досмайылова, пәтер иелері кооперативінің директоры:

— Ол шығып кетпек болды. Қақпадан шықпақ болды. Нұрбол оны тоқтатпақ болды. Енді мас адам, жолға шықса қанша адамды өлтіреді. Сосын Нұрбол көтеріліп келді, ол қайтадан айналып келді. Нұрбол ана жерге көлігін қойды деді де, барып шлагбауымды жапты, қақпаның біреуін жауып, екіншісін жауып жатқан кезде анау қатты келіп үш рет қақты. Оның алдында сыраның шөлмегімен дүңгіршекті шақты.

Кейін күдікті азамат істегеніне өкінгендей сыңай танытып, үйдің 14-ші қабатынан секірмек болыпты. Ақыры ұзақ ойланған қаскөйді полиция қолға түсірген.

Сұмдық оқиға болған тұрғын кешенінің аумағы қанға боялып жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, күзетші ер адам бұл жерде шамамен 5-10 минуттай қансырап жатып, артынша ауруханада көз жұмған. Марқұмның артында шырылдап үш баласы қалды: 14, 10 және 5 жаста. Нұрбол Қайыпбаев отбасының жалғыз асырушысы болған.

Тұрғын үй кешенінде ол екі жылдан бері 165 мың теңге айлыққа жұмыс істеп келіпті.

Анасы жазда 42 жасқа толар еді деп ботадай боздап отыр.

Майра Қайыпбаева, марқұмның анасы:

— Енді ол баламның не жамандық жасағанын білмеймін ғой, бірақ балам аңқылдақ болатын.Ешкімге жаманшылдығы жоқ еді. Балам жоқ қой. Баламның орнын немен толтырады алады ол. Білмеймін ғой, немен толтыра алатынын.

Әсем Молдахунова, марқұмның жары:

— Кеше екінші тәулігі болған. Бүгін үйге келу керек еді. Таңертең хабарласып едім, басқа бір кісі телефон алды да, «сіз жолдасыз ба, Нұрбол қазір ауруханада» деді. Ондай адамды шығармау керек. Қайтадан тағы біреуді өлтіреді. Оны өлтірмеу керек, түрмеде қинау керек, өмір бойына ...

Жаға ұстатарлық аталмыш жағдайға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Рустам Шәрібаев, Алматы ПД бастығының орынбасары:

— Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ер адам қазір уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр.

Марқұмның жақындары қылмыскердің жазадан сытылып кетпеуін талап етеді.

45 жастағы күдікті ата-анасымен бірге тұрған. Түндегі оқиғадан кейін олар есікті тарс жауып үйден кетіп қалған.

Алматы күзетші өлімі элита үй жауыздық

Тақырыпқа жаңалықтар