Алматыдан Пхукетке ұшатын рейс 10 сағатқа кешікті
Air Astana әуекомпаниясының Алматы – Пхукет рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жолаушылар наразылық білдірді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Әлеуметтік желіде наразы болған жолаушылардың посты шықты.
Олардың сөзінше, ұшақ Алматыдан түнгі сағат 01.30-да ұшуы керек еді, алайда, рейс бірнеше сағатқа кешіктірілген.
Әуе компаниясының баспасөз қызметі Алматы - Пхукет бағытында КС563 рейсін орындайтын Boeing 767 ұшағы 13 желтоқсанда сағат 01:30-да ұшуы керек болғанын растады. Алайда, ұшу техникалық себептермен, сондай-ақ, экипаждың жұмыс уақытының аяқталуы және оларлың ауысуымен байланысты кешіктірілгенін хабарлады.
"Ұшпақшы болған жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. Ұшу уақыты сағат 12:15-ке дейін ауыстырылды. Қазіргі уақытта ұшақ аталған бағыты бойынша ұшып кетті. Әуе компаниясы келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрай отырып, қауіпсіздік біздің басты басымдығымыз екеніне сендіреді", - деп хабарлады Air Astana-ның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, әуе компаниясы кешіктірілген рейстің жолаушылары help.airastana.com. сайтында кешіктірілген әр сағат үшін 3% өтемақы алуға өтініш қалдыра алатынын хабарлады.