«Алматыэлектротранстың» бұрынғы басшысы Берікхан Мырзакәрімовке іздеу салынды
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында «Алматыэлектротранс» компаниясының бұрынғы басшысы Берікхан Мырзакәрімовке іздеу салынғаны туралы ақпарат шықты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Аталмыш порталда жарияланған ақпаратқа сәйкес, Мырзакәрімов Берікхан Қабиұлына іздеу жүргізіп жатқан құзырлы орган — Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті. Ақпаратта сондай-ақ Мырзакәрімовке 8 күннен бері іздеу жариялағаны жазылған.
Бұған дейін Telegram-арналардың бірінде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері ҚР ҚК 189-бабы бойынша «Алматыэлектротранс» ЖШС бұрынғы бас директоры Берікхан Мырзақәрімовке (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) қылмыстық іс қозғағаны туралы хабарланған еді.
Айта кетейік, Берікхан Мырзакәрімов 2021 жылдың ақпан айында «Алматыэлектротранс» ЖШС-ға басшы болып келген болатын.
Сонымен қатар 2022 жылы қазан айында «Алматыэлектротранс» экс-бас директоры Бекмырза Игенбердинов 150 мың доллар көлемінде пара алып жатқан сәтінде ұсталғанын хабарлағанбыз.