Ақтөбеде интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен дропперлер желісінің жолы кесілді
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Ақтөбе қаласының аумағында телефон және интернет-алаяқтық салдарынан азаматтардан жымқырылған ақшалай қаражатты қабылдау, конвертациялау және заңдастырудың тұрақты схемасын құрған қылмыстық топ әрекет еткен, деп хабарлайды Arbat.Media.
Топ құрамында оннан астам адам болған. 150-ден астам дроппер тартылған.
Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған ұялы телефондарды пайдаланған. Бұл оларға дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және қаржылық операцияларды олардың қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік берген.
Қазіргі таңда еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.
Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды.