Ақтөбелік футболшылар букмекерлік кеңсеге миллиондап ақша тіккен
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстандағы футбол матчтеріндегі келісілген ойындарға қатысты мәселені көтеріп, құқық қорғау органдарын тергеу жүргізуге шақырған еді. Бас прокуратура бұзушылық деректері барын мойындады. Спортшылар тыйымға қарамастан матчтерге ақша тіккен, деп хабарлайды Arbat.Media.
Депутаттың айтуынша, халықаралық Sportradar деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан әлем бойынша келісілген матчтер саны бойынша төртінші орынға шыққан.
"Бұл Қазақстан футболында әділетсіз ойындардың кең таралғанын және ресми түрде мойындалғанын көрсетеді. Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров мәселенің бар екенін мойындағанымен, оны жүйелі шешу бойынша нақты шаралар қабылданбады. Қоғамдық ұйымдар мен БАҚ букмекерлік кеңселердің көптеген матчтарды желіден алып тастағанын тіркеп отыр", – деді Құспан.
Ол мұндай бұзушылықтар квазимемлекеттік секторда да кездесетінін, бақылаудың әлсіздігі миллиондаған қаржылай алаяқтыққа әкелетінін қосып айтты.
"Бұл азаматтардың сенімін төмендетеді және елдің экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіреді", - деді Кұспан.
Бас прокуратураның ресми жауабында Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен футбол клубтарында келсілген матчтер мен ойыншылардың ақша тіккені туралы деректері расталған.
"Мысалы, Ақтөбеде тоғыз футболшы жалпы 110 миллион теңге сомасына ақша тіккен", - делінген ведомство жауабында.