«Ақжайық» резерватында екі күн жанған қамыс өрті өшірілді
Атырау облысындағы «Ақжайық» резерватында екі күн бұрын қамыс өртенген еді. Бүгін кеште Каспий теңізінің жағалауындағы жалын өшірілді. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, резерват аумағындағы жалын 9 қазанда анықталған, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Кеше Атырау қаласының маңындағы Еркінқала ауылынан 40 шақырым қашықтықта қамыс өрті оқшауланған еді. Бүгін, 11 қазанда сағат 18:00-де қамыс өрті толық өшірілді. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайықй мемлекеттік табиға резерватынан 43 қызметкер, 16 техника тартылды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллин өрттің тұтануына адам факторы әсері болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Қазір аңшылық маусымы өтіп жатыр. Қамыс өртінің тұтануына аңшылардың далада от жағуы мен темекі тұқылын тастауы себеп болуы мүмкін», - деді Бағдат Абдуллин.