Астана уақытын Батыс Қазақстандағы белдеумен теңестіру ұсынылды
Астанада Қазақстандағы уақытты есептеу мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуі мүмкін. Ғалымдар мен сарапшылар қазір қолданыстағы сағат тілін табиғи күн уақытына сай келмейді деген тоқтамға келіп отыр. Соның салдарынан қазақстандықтардың биологиялық ритмі бұзылып, денсаулықтарына кері әсерін тигізіп жатыр екен.
Қазақстанда UTC+5 (ЮТС) және UTC +6 уақыт белдеулері қолданылады. Атап айтқанда батыс өңірлер UTC+5 бойынша жүріп тұрса, қалған аймақ екінші уақыт өлшеміне бағынады. Денсаулық сақтау министрлігі тұтас Қазақстанды біркелкі сағат өлшеміне ауыстыру туралы мәселені біраздан бері көтеріп жүр. Бұған себеп: еліміздің басым бөлігі өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрмайтыны анықталды. Сондықтан бұл сұрақты тыңғылықты зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдар Астана, Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Жезқазған, Өскемен, Петропавл қалаларының уақыт өлшемін бір сағатқа артқа жылжытуды сұрап отыр. Ал батыс өңірінде еш өзгеріс болмайды. Осылайша тұтас Қазақстан бір уақыттық өлшемге көшеді.
Біз уақыт өлшемін реттеу арқылы, әсіресе буыны енді қатайып келе жатқан жас балалардың таң ата тұруы, оның организмінде серотонин бақыт гормоны, кешке ұйқы гормоны мелатонин бөлінуіне, табиғатпен қолайлы үйлесімділікте жағдай жасай отырып, соның арқасында адам капиталының сапасы, денсаулық экономика саласы, келешек оң өзгеріс береді, дейді Болат Нұрқожаев.