Астанада Шахмат олимпиадасының алауы жағылды
Астана қаласында өтетін шахматтан командалық чемпионаттың ашылуы алдында маңызды іс-шара – Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) 100 жылдығына арналған Будапешт қаласында ұйымдастырылатын 45-ші Шахмат олимпиадасының салтанатты алау эстафетасын жағу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Қазақстанға Олимпиада алауы ФИДЕ ұйымының отаны, қазір XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатқан Парижден келді. Салтанатты эстафетаны ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович табыстады.
«Олимпиада алауының Астана қаласында жағылуы – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Осындай жоғары деңгейлі іс-шара өткізу Қазақстандағы шахмат спортының одан әрі дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін», — деді Олжас Бектенов.
Эстафетаның құрметті алау ұстаушылары қатарында KazChess президенті Тимур Турлов, шахматтан әлем чемпионы (20 жасқа дейінгілер арасында) Қазыбек Нөгербек, блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, классикалық шахматтан қазіргі әлем чемпионы Дин Лижэнь, Азия Шахмат федерациясының вице-президенті және KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР-дағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, ұшқыш-ғарышкер, «Халық қаһарманы» атағының иегері Талғат Мұсабаев, басқа да атақты қазақстандық және шетелдік шахматшылар, мәдениет қайраткерлері мен беделді тұлғалар болды.
Ал шахмат олимпиадасының алауын жағу құрметі көп дүркін әлем чемпионы қытайлық шахматшы Хоу Ифаньге тапсырылды.