Қазақстан жаңалықтары22 маусым 2024, 18:18

Астанада тұрғын үйдің 26-қабатынан өрт шықты

Астанада Ханшатыр сауда орталығының маңындағы көпқабатты тұрғын үй өртеніп жатыр. Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері шақырудың жоғары рангы бойынша Тұран 37/9 мекенжайына шықты. Құтқарушылар келіп жеткенде тұрғын үй кешенінің 26-қабатында сыртқы жабын өртеніп жатқанын анықтаған. Нақтыланған мәлімет бойынша ғимараттың сыртқы қаптамасын жалын шарпыған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Оқиға орнында өрт сөндірушілер үшінші ранг бойынша жұмыс істеп жатыр.

Бұл жұмысқа 16 техника мен 72 адам жұмылдырылды.

«Әкімшілік ғимарат болғанымен, ішінара тұрғын үй саналады. Оқиға орнында штаб құрылды. Эвакуация жүріп жатыр» деді ТЖМ баспасөз қызметінен.

Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 8 адамды қауіпсіз жерге шығарды, оның ішінде бір бала бар.

Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

«Қазіргі уақытта жоғары қысымды сорғылар жұмыс істеп жатыр. Сөндіру жұмысы жалғасуда. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ» дейді ТЖМ баспасөз қызметінен.

Оқиға орнында Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов жүр. 

Астанада көпқабатты тұрғын үйден шыққан өртпен күрес әлі жүріп жатыр.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева мәлім етті.

«Тілсіз жаумен күреске 80-ге жуық маман және 17 техника жұмылдырылды. Өрт болған аумақта арнайы штаб құрылды, қазір көпқабатты тұрғын үйдегі әрбір пәтер тексеріліп жатыр. Дәл қазіргі ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ», — деді Динара Нұрғалиева оқиға орнында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.

Дегенмен оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлері көмекке дайын тұр.

Оның айтуынша, ғимарат 27 қабаттан тұрады, оның ішінде 26 қабаты — тұрғын үй.

«Көпқабатты тұрғын үйдің 180 шаршы метрін жалын шарпыды. Тұрғындар уақтылы эвакуацияланды, нақты айтқанда ТЖМ мамандарының көмегімен 8 адам құтқарылды, оның ішінде 2 бала бар», — дейді ол. 

 

 

 

 

 

 

Астана Өрт үй ТЖМ

Тақырыпқа жаңалықтар