Қазақстан жаңалықтары17 наурыз 2024, 18:37

Атаулы көмек үшін «ажырасқандар» да бар

Наурыз – туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге үндейтін отбасылық мереке және 17 наурыз – Шаңырақ күні болып белгіленген. Бұл атаулы күн отбасы институтының маңыздылығын еске салып, туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға себеп болары анық. Осы орайда жазушы, аудармашы-ғалым Камал Әлпейісова жас жұбайларға шаңырақ құрарда не нәрсеге мән беру керегі жөнінде ой бөліседі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Негізінен шаңырақ көтеру – жеңіл-желпі қабылданған шешім болмауы керек. Мұндай қадам жасарда алып-ұшпа сезімнің жетегінде кетуден немесе кездейсоқ алып қашудан, «басқалар да үйленіп жатыр ғой, мен де үйленейін» деген ойлардан аулақ болған дұрыс. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін көрмеген-білмеген қыздарды күштеп әкеліп, әйел етіп, не сөзі жараспай, не тіршілігі жараспай, ажырасып жатқан жағдайлар баршылық. Сондықтан ең алдымен бір-бірін жете танып, сезімдерін, мінез-құлықтарын сынап, екеуі бір-біріне сай келе ме, бір-бірінің мінезін көтере ала ма, өмірлік ұстанымдары сай келе ме деп ойлану керек. Ал басқалай жағдайда үйленген соң бір-біріне кінә арту, өкпелесу, мін арту көбейеді», - деді К. Әлпейісова.

Сарапшы қоғамымызда үйленудің де, ажырасудың да көп екенін, дегенмен ажырасу туралы ресми статистикаға күмәнмен қарайтынын айтты.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкімет беретін Арнаулы әлеуметтік көмекті алу үшін қағаз жүзінде ажырасқандар болды. Өзіміздің ер-азаматтарымыз осындай қадамға барды, бес-он тиын ақша үшін әкеліктен бас тартқан жағдайлар болды. Әрине олар статистикада ажырасқандардың қатарында тұр. Екіншіден, елімізде жалғызбасты адамдарға баспанадан бастап, түрлі материалдық көмек көрсетіледі, соған қызыққандар да «ажырасып» жатыр. Үшіншіден, жоғарыда айтқан сүймей-білмей, алып қашып, көңілі жараспағандар ажырасады. Бұл жерде ер-азаматтарға құлаққағыс жасағым келеді, қызды қой сияқты машинаға салып әкететін жағдай тіпті ұят. Ел ішінде қауіпсіздік үшін жол жақтағы есігі ашылмайтын көліктерді «Қыз алып қашатын мәшине» деп қалжыңдап айтады екен. Мұндай айуандық салтпен бас құрағандардың бақытты болуы екіталай», - дейді жазушы.

Бұл ретте К. Әлпейісова қызға қырық үйден тыйым салынып, ұл бала тәрбиесіне жете көңіл бөлінбейтінін баса айтты.

«Байқасаңыз, көптеген ата-ана қыздың тәрбиесіне жіті көңіл бөледі, бала күнінен қыздың мойнына көп жүк артады. Тіпті жастар отау құрған кезде де “Келін сол елді бақытты етуге келеді» дегенді шығарып алыпты. Босағаны енді аттаған келінге соншалықты жүк артпас бұрын күйеудің парызы мен міндетін ойға алғаны жөн емес пе? Қызға қырық үйден тыйым болса, ұл тентек, дарақы, жуанжұдырық, зорлықшыл болмауы үшін қырық рудан тыйым болуы керек. Себебі шаңырақты көтеретін - ер азамат, жауапкершілік ер азаматта, әйел мен бала - оған берілген аманат. Осыған мән берейік», - дейді спикер.

Сонымен бірге, жазушы қазақ отбасында Шығысқа тән иба сақталғанын, ата, ене, бала, келіннің әрқайсысы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Дегенмен Батыстан да үйренер жақсы нәрселер бар. Қазір жаһанданған заман, шекара ашық, барыс-келіс көбейді. Бірақ жастардың әйтеуір шетелдік деп, терең ойламай қажетсіз, ділімізге келмейтін дүниелерге еліктейтіні дұрыс емес. Мысалы, «Хеллоуин» өткізеді, бала жынысын жариялау үшін «Гендер пати» жасайды, үнділер сияқты түрлі-түсті бояу шашып ойнайды. Жақында Меккеге барып келдім, өзіміздің қазақтың келіншектері қап-қара киімдермен жүр. Бұл арабтардың ұлттық киімі, сендерге қара жамылып не көрінді деп сұрасам, “бәрі киеді ғой” деседі. Сондықтан біреудің қаңсығы таңсық боп көрінбеу үшін әр нәрсені талғаммен саралап сіңіру керек. Жалпы баяғыда бәрі керемет болды, қазір құрыдық деген сарындағы әңгімелер маған ұнамайды. Ел ішінде бірлі-екілі жаман фактілер кездесіп қалса, соны сүйіншілеп әлеуметтік желіге жазып, оны біреулердің іліп әкетуі дұрыс емес. Жақсылы-жаманды фактілер әр уақытта да болған. Мысалы біз Кеңес дәуірін көріп үлгердік, сол кезде де түрлі отбасылық келіспеушіліктерді, жанжалдарды көрдік. Адам психологиясының ерекшелігі сонда, уақыт өткен сайын жадында жаман дүниелер ұмытылып, жақсы сәттер ғана қалады. Сондықтан баяғыда бәрі мінсіз болды деп ойлаймыз. Барды жоқ деу – қиянат, қазір де үлгі боларлықтай жақсы отбасылар аз емес. Әсіресе қалалы жерде келін-баласының қолында тұратын, немерелерін қарауға көмектесіп, үйірмелерге тасып, жиналыстарына қатысып, мектепке апарып-әкеліп жүрген үлгілі ата-әжелер көп. “Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің” дегендей, әр адам өз отбасында көрген тәрбиесін жаңа отбасына әкеледі», - дейді К. Әлпейісова.

Камал Әлпейісова ұлттық тәрбие атаулы көмек ажырасқандар

Тақырыпқа жаңалықтар