Қазақстан жаңалықтары17 сәуір 2024, 15:14

Бақытжан Базарбек: Су қоймаларының тағдырын мафия шешіп отыр

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбев Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, су қоймаларын басқару ісіндегі былықтарды атады. Депутат Сергеев су қоймасының жанындағы кен өндіру жобасы халыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

«Мұндағы қауіп - су көлемі жобалық қуатынан 80 пайыз асқан, су деңгейі 4 метрден жоғары көтерілген су қоймасының жанында қауіпті кеніш бар. Ондағы пайдалы қазбаны жарылғыш зат арқылы игеру көзделіп отыр. «Дархан Айдосұлы» дейтін жер қойнауын игеруші ЖШС-нің 2017 жылы пайдалы қазба алу туралы 25 жылдық келісімшартты қалай жасағаны түсініксіз. Жер жалдау мерзімі 5 жыл болғанымен, кейін 2042 жылға дейін ұзартылған. 2015 жылғы қаулы бойынша Есіл өзенінің су қорғау аймағы жағадан 1000 метр аралықты қамтиды. Су қорғау аймағының аумағында пайдалы қазбаны барлап, игеруге, жарылғыш арқылы қопаруға тыйым салынған. Ал су шаруашылығы мекемесі мен өзге де мемлекеттік органдар кеніштегі жарылғыш зат арқылы жер қойнауын қопару шараларының Сергеев су қоймасына қалай әсер еткенін тексермеген. Кенішті барлау, пайдалы қазбаны алу жобасының аясында экологиялық сараптама мен қоршаған ортаға әсерін бағалау, қоғамдық тыңдау шаралары қалай өткені белгісіз», — дейді депутат.

Сондай-ақ, ол Алматы қаласының іргесіндегі Ақсай бөгетінің жағдайына да тоқталды.

«Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы Ақсай бөгетінің 22 миллиард теңге тұратын құрылысын тоқтатқан. Оған тапсырыс беруші «Қазселденқорғау» мекемесінің бастапқы жобаға өзгеріс енгізіп, бірақ оны мемлекеттік сараптамаға бермеуі себеп болған. Кесірінен 30 мың адамның өмірін сақтауға тиіс нысан тапсырыс берушінің салғырттығы салдарынан тиісті сараптама мен рұқсатсыз салынып кетті. Осылайша бөгеттің сапасы күмәнді күйде қалып отыр. Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Сот қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға береді деп үміттенемін», — дейді Бақытжан Базарбек.

Айтуынша, Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер үш жылдан бері нысанның бойындағы ақауларды жоймай отыр.

«Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары су қоймасының иесі мен «Илиирригация» мекемесінің әрекетіне құқықтық баға берген жоқ», — деді ол.

Депутат «Үшқоңыр-ирригация» мекемесінің лауазымды тұлғалары Алматы облысының Іле және Қарасай аудандарындағы 5 ірі су қоймасын Шахворостов дейтін азаматтың меншігіне шығарып бергенін еске салды.

«Илиирригация», «Талғар-ирригация» мекемелерінде осыған ұқсас жағдай бар. Бұл мекемелерді мафия дерсің. Жұмыстары ашық емес, ешкім тексеріп жатқан жоқ. Салдарынан су қоймалары мен тоспалар, бөгесіндер қолдан-қолға өтіп, жыл сайын ақаулары құжатпен қатталмайды. Бұлардың сүйеніші кім? Су шаруашылығында мафияның болуы кімге тиімді?» — деп сұрады Бақытжан Базарбек.

Депутат сауалында көрсетілген фактілер бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрады.

Бақытжан Базарбек су қоймалары Мафия

Тақырыпқа жаңалықтар