Қазақстан жаңалықтары18 маусым 2024, 16:31

Батыс Қазақстанда 326 дәрігер жетіспейді

Батыс Қазақстан облысында 326 дәрігер жетіспесе, соның 205-і қалалық, 121-і аудандық ұйымдарға қажет. БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыста кадр тапшылығын төмендету мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда, - деп хабарлайды Arbat.media.

Мадияр Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, өңірге медицина мамандарын тарту мақсатында интерн және резиденттермен кездесу өткізіліп тұрады. Сондай-ақ барлық бос жұмыс орындары мен ұсынылатын әлеуметтік пакеттер туралы ақпарат «Enbek.kz» порталында орналастырылған.

«Жыл басынан бері облысқа 31 маман келіп, жұмысқа орналастырылса, соның 23-і ауылдық жерлерге жіберілді. Оған қоса биыл жалпы медицина мамандығы бойынша жергілікті қазына қаржысы есебінен 60, резидентураға 23, республикалық бюджеттен резидентураға 286 грант бөлуге өтінім берілді»,-дейді М.Өтешев.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс әкімдігі тарапынан медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау аясында бірқатар қолдаулар көрсетілуде.

Биылға дейін облыс орталығынан 500 және одан көп шақырым қашықтықта орналасқан аудандарға барған жас мамандарға 5 млн, 300 шақырым жердегілерге – 2,5 млн, жақын маңдағыларға – 1,5, қаладағыларға 1 млн теңге беріліп келген еді.

БҚО мәслихатының 2024 жылғы 16 ақпандағы шешімімен бұл қаржы көлемі едәуір көбейтілді.

Атап айтқанда, қалада орналасқан мамандар 1,5 млн теңге, аудандық медициналық ұйымдарға жіберілгендер үшін қашықтығына қарай 2,5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін қарастырылған.

«Биыл 18 маман біржолғы көтермеақымен қамтамасыз етілсе, соның 13-і – ауылға барғандар. 10 дәрігерге қызметтік тұрғын үй берілді. Өткен жылы 92 маманға (47-сі ауылда) қолдау көрсетіліп, 33-і баспаналы болды. Мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасады»,-деді М.Өтешев.

Басқарма деректері бойынша қазіргі таңда облыста денсаулық сақтау министрлігі жүйесінің медициналық ұйымдарында 1 756 дәрігер және 6 650 орта буын қызметкері жұмыс жасайды.

Өңірде 2024 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 96 млрд теңге (мұның 83,9 млрд теңгесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, 12,1 млрд теңгесі облыстық басқарма арқылы) бөлінді.

Бұл өткен жылғыдан (92,5 млрд теңге) 3,8 пайызға артық.

 

БҚО дәрігерлер тапшылық

Тақырыпқа жаңалықтар