Бауырына бүйрегін берді
Қызылорда дәрігерлері кейінгі жылдары аймақта бүйрек ауруына шалдыққандар арасында жастардың қатары артып бара жатқанына алаң болып отыр. Экологиялық аймақ саналатын өңірде оның себебін де алыстан іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан да дер кезінде скринингтік зерттеулерден өткен дұрыс екенін айтады мамандар, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Осыдан 9 жыл бұрын облыстық медицина орталығындағы жергілікті дәрігерлер А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мамандарымен бірлесіп, қала тұрғынының бүйрегін ауыстырған. Туған қарындасы донор болған жігітке жасалған операция сәтті өтіп, өмірі «жасанды бүйрекке» байланған талайлардың үміті оянып еді.
Ұзақ жылдардан кейін жуырда облыстық көпбейінді ауруханада А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Баймаханов осы аурудың зардабын тартып жүрген 25 жастағы науқасқа операция жасады. Бүйрек ауыстыру ойдағыдай өтіп, үш жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына күні қарап қалған жас жігіт қалыпты тіршілікке оралды. Оған 36 жастағы туысқан ағасы донор болуға келісімін беріпті.
Б.Баймаханов елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплантациясы кеңінен жүргізіліп келе жатқанын айтады. Осы күнге дейін 1000-ға тарта операция жасалыпты.
«Облыстық көпбейінді ауруханада мұндай күрделі операцияларды істеуге толық жағдай бар. Төрт сағаттан аса уақытқа созылған операция сәтті өтті», дейді Б.Баймаханов.
Әлемдік статистикада мұндай операцияның 80 пайызында науқас өмірін қайтыс болғандардың ағзасы құтқарып тұр.
Ал біздің елімізде көбіне жаны қысылған науқасқа жақындары көмекке жетеді.
Бүгінде облыстағы трансплантацияланған 85 науқастың 82-сіне өз туысы донор болған.