Қазақстан жаңалықтары18 тамыз 2024, 11:00

Баянауылдан шыққан тұлғалар жайлы кітаптар жарық көрді

Баянауыл төрінде биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан тұлғалардың есімдері ардақталды. Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов Әлкей Марғұлан және Шәкен Айманов туралы кітаптардың тұсауы кесілді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Аудан орталығында Халықаралық Сәтбаев қоры шығарған «Естеліктер кітабы», қаламгер Тұрсын Жұртбай мен Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаевтың Әлкей Марғұлан жайлы кітаптарының, жазушы Сайлау Байбосын құрастырған Жүсіпбек Аймауытов туралы жинақтың, сондай-ақ А.Құдабаевтың Шәкен аға жайлы «Сұңғыла» естеліктер жинағының тұсауы кесілді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Әлкей Хақанұлының өмірі мен ғалым ретінде қалыптасу белестерін зерделейтін «Дархан дарын» естеліктер кітабы 400 беттен тұрады. Мұнда кезінде академикпен үзеңгілес болған әйгілі тұлғалар мен әріптестерінің естеліктері, мақала-еңбектері кеңінен қамтылған.

- Бұл кітапты Ә.Марғұланның өміріне әсер еткен орта жайынан бастадым. Тағдыр қазақ археологиясының атасына бала шағында Мәшһүр Жүсіпті, Сәтбаевтар әулетінің марқасқаларын, Сұлтанмахмұтты және т.б. өз заманының белгілі қайраткерлерін көруге жазған. Олардың батасын алып, тәлімін терген. Одан соң Ленинградта оқыған шағындағы замандастары, әріптестері ғалым жөнінде жақсы пікір айтқан мақалалар өте көп. Өз заманының көрнекті өкілдері Ольденбург, Марр, Самойловский, Струве және өзгелерінің естеліктері бар. Әрі ғалымның Шоқан туралы жазуына не түрткі болғаны туралы жазбалары да кездеседі. Одан беріде Рақманқұл Бердібаевтың, Хамза Абдуллинның (Мағжан Жұмабаевтың жиені), Самат Өтениязов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, академик Шөкин, Бейсембаевтардың мақалалары топтасқан. Жалпы 1964 жылдан бергі ғалым жайында жарық көрген мақалалар мен естеліктердің барлығын жинап жүргенмін. Сәтін салып, бүгін міне үлкен бір кітапқа жүк болып отыр. Бұл жерде Орта Азия даласынан шыққан қазақтың қарапайым баласы қалайша дала данасына айналды деген сұраққа жауап іздеу еді. Сол мақсатым орындалды, іздеген сұрақтарыма жауап алдым,-дейді кітап авторы Амантай Құдабаев.

Ғалым биыл қараша айында Әлкей Хақанұлының еңбегіне арналған үлкен энциклопедия жарық көретінін де жеткізді. Айтуынша, ол екі немесе үш томдық болып шығуы мүмкін. Мақала саны 2 мыңға жуық, 200-ден аса фотосуреттер қамтылады. Академиктің еңбегіне арналып ертеректе шыққан 14 томдықтан көптеген материалдар ұғым ретінде беріледі.

Баянауыл кітаптар

Тақырыпқа жаңалықтар