Бишімбаев ісі: Сот әлеуметтік желіде іс туралы пікір білдіруге тыйым салды
Сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды. Мемлекеттік айыптаушы тараптан прокурор Айжан Аймағанова алқабилер сотының пікіріне әлеуметтік желі арқылы әсер ету қатері бар екенін айтып, осындай шара қолдануды ұсынған болатын. Сот ол ұсынысты қабылдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
«Процеске қатысушыларға айтарым, сот отырыстарынан кейін БАҚ-та айтқан сөздеріңіз сотқа қысым көрсету ретінде бағалануы мүмкін. Осыған байланысты процеске қатысушылардың бәріне ондай әрекеттерден аулақ болуға кеңес беремін. Өз құқықтарыңызды сот отырысы өтіп жатқан залда іске асырыңыздар. Өйткені, сот отырысынан тыс әрекеттер отырыстағы алқабилердің пікіріне әсер етуі мүмкін және қылмыстық істі обьективті қарауға кесірін тигізуі мүмкін. Осыған байланысты айыптаушы тараптың ұсынысын қанағаттандыру қажет деп есептеймін», - деді судья Айжан Құлбаева.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.
1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.
27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ. Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.
29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.
Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.