«Болашақтың» болашағы қандай?
«Болашақ» бағдарламасымен кейінгі 30 жылда 15 мыңнан аса отандасымыз шетелде біліп алып, тәжірибе жинақтаған. Алайда осы аралықта шекара асқан 270-ке жуық стипендиат елге оралмаған. Бұл туралы «Amanat» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Жиында қазақ жастарына қанат бітірген жобаның ендігі даму перспективалары мен өзекті мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдері қатысты. Кеңесте Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, білім алған стипендиаттардың елге қайта келмеуін сынға алды.
– Бағдарламадағы мамандықтар тізімін заман талабына, еңбек нарығына сай қалыптастырып, қажет болған жағдайда өзгерістер енгізіп отыру керек. Қаражат бөлініп, азаматтарымыз оқу бітіріп келгеннен кейін, өзіне лайықты жұмыс таба алатындай болуға тиіс. Бағдарламаның тағы бір проблемасы – шетелге кеткен азаматтарымыздың елге мүлдем оралмауы немесе бес жылдық өтеу мерзімінен кейін шетелге эмиграциялануы. Ресми деректерге сәйкес, бағдарлама басталған уақыттан бастап 268 азамат елге оралмаған. Ол 15 871 түлектің 1,6 пайызы ғана, ал бес жыл өтеу мерзімінен кейін қанша азаматымыз шетел асып кетті? – деді кеңес төрағасы.
Өз кезегінде «Болашақ» бағдарламасына жетекшілік ететін Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі, вице-министр Динара Щеглова халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша «Болашақ» бағдарламасының тиімділігін тізбектеп көрсетті.
– Біріншіден, стипендиаттар өздерімен бірге жаңа идеялар мен тәсілдерді Қазақстанға әкеліп жатыр. Екіншіден, әлемдік кәсіпқойлар қауымдастығымен жолға қойылған коммуникацияларды да елге белсенді тартады. Үшіншіден, отандастарымыздың көпшілігі үшін «Болашақ» стипендиясы нағыз әлеуметтік лифтке айналды. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарынан (көпбалалы отбасылар, ауылдық жерлерден келген отбасылар) көшіп келгендер үшін, олар мемлекеттің қолдауынсыз әлемнің үздік жоғары оқу орындарында сапалы білім ала алмас еді. «Болашақ» бағдарламасының тәжірибесін Қытай, Польша, Финляндия, Украина секілді прогрессивті елдер зерделеп жатыр. Сондай-ақ «2014-2016 жылдарға арналған Жаһандық білім беру» ресейлік бағдарламасының және Татарстан Республикасының «Алгарыш» стипендиялық бағдарламасының негізін біздің «Болашақ» қалады деп нақты айта аламыз, – деді вице-министр.
Әрине, өзге елге кімнің қандай ниетпен кетіп жатқанын бағамдау қиын. Алдына шынайы мақсат қойып, шетел асты ма, әлде жұрттан қалмайын деп көшке ілесті ме, белгісіз. Тек анығы «оқуға аттандым» деп құр қыдырып қайтқан адамның өзі таным көкжиегін кеңейтеді. Өйткені шет мемлекет жаңа таным мен түсінік қалыптастырады. Осы ретте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан стипендия бөлу кезінде жасалатын үдерістерді жеңілдету үшін цифрландыруға көшіп, онлайн қызметтердің маңыздылығын арттыру керек екенін еске салды.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова қазіргі таңда 2 100 «Болашақ» стипендиясының иегері шетелде академиялық оқудан және тағылымдамадан өтіп жатқанын атап өтті. Әрі олардың басым бөлігі Америка Құрама Штаттарын (942) таңдағанын айтты. Сондай-ақ ол сөз арасында қазақ тілінің шетелдегі мәртебесіне де тоқталды.
Елімізде «Болашақ» халықаралық бағдарламасын дамытудың жаңа стратегиясы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
«Қазір алдағы үш жылға арналған «Болашақтың» жаңа стратегиясы әзірленіп жатыр. Биылғы наурыз айында республикалық комиссияның отырысына шығарып, одан кейін таныстыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар іріктеу жұмыстарын күшейтеміз. Мәселен, тағылымдамадан өту үшін енді ғылыми мақалаға қатысты талаптар қойылады. Ғалымдар жұмыс істеп тұрған зертханаларға жіберіледі. Олар жыл сайын елге оралған кезде ғылыми жобаларын өндіріске енгізу туралы есеп беруге тиіс», деді министр.