БҚО-да тоғыз жасар бала екі інісін өрттен құтқарды

БҚО Сырым ауданында тоғыз жасар бала екі інісін өртенген үйден алып шыққан, деп хабарлайды Arbat.Media.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, оқиға 16 ақпан күні сағат 10:00 шамасында болған. Шақырту түскен соң өрт шыққан үйге дереу жеке құрам жетіп, 20 минуттың ішінде өртті ауыздықтаған. Қатты жану салдарынан үй тұруға жарамсыз болып қалған.

Ал өрт кезінде 9 жасар Бейбарыс 2 жастағы және 8 айлық екі інісімен үйде болған. Олар теледидар көріп отырған сәтте Бейбарыс аяқ асты жарықтың өшіп қалғанын байқайды. Артынша көрші бөлмеден түтін будақтап, қызыл жалын жанып жатқанын көрген. Бейбарыс бірден бір інісін жетектеп, екіншісін бауырына қысып, сыртқа алып шыққан.

Баспаналары отқа оранған жанұяға әкімдік тарапынан уақытша баспана берілген. Аудан әкімі кішкентай батыр Бейбарысқа алғыс хат табыстады.

БҚО Ақпарат Өрт бауыр

Тақырыпқа жаңалықтар