Дархан Қыдырәлі: Әйелдер жұмыста зорлық-зомбылық пен қудалауға тап болады
Қазақстандағы әйелдер жұмыста зорлық-зомбылық пен қудалауға тап болады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында елімізде еңбек министрлігімен бірлесіп жүргізілген БҰҰ зерттеуінің нәтижелерін жария етті.
Депутаттың айтуынша, харассментке ұшыраған әйелдердің 57,6 пайызы бұл фактілер бірнеше рет болғанын атап өтті. Бұл жағдайда харассмент тек физикалық қана емес, сонымен бірге адамға менталды немесе эмоциялық қысым жасалғанын ескеру қажет.
«Елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы да үлкен мәселе. Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан қорғансыздың күнін кешпес үшін азаматтарымызды зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнаманы күшейту кезек күттірмейді. Заң үстемдігі салтанат құратын әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы адам өзін кез келген жерде қауіпсіз әрі жайлы сезінуі тиіс. Халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» конвенциясы бар. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялады», - Д. Қыдырәлі.
Оның пайымынша, Қазақстанның осы құжатқа қосылғаны отбасы және гендерлік саладағы маңызды қадамдардың бірі болады.
«Қазақстан заңнамаларында, атап айтқанда Қылмыстық, Еңбек, Әкімшілік кодекстерде жұмыс орнындағы харассмент немесе зорлық ұғымдарын енгізу, мұндай заң бұзу деректеріне қарсы тиісті жазаны белгілеу қай деңгейде жүргізілуде? Еліміз халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» Конвенциясына қашан қосылады? Жалпы харассментке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бар ма?», - деді сенатор өзінің депутаттық сауалында.