Қазақстан жаңалықтары15 қараша 2023, 21:29

Депутат: Жетібайдағы жұмыссыздықты "Самұрық-Қазына" мен "ҚазМұнайГаз" ушықтырды

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Үкімет басшысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау өңіріне байланысты тапсырмалары орындалмай жатқанын айтып, үкіметтің бұл бағыттағы жұмысын саботажға теңеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform жариялады.

«Мемлекет басшысының тапсырмалары мірдің оғындай тез, уақтылы әрі бұлжытпай орындалуы керек деп есептейміз. Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне барған сапарларында қордаланған мәселелер бойынша 34 қажетті нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырмалар бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бүгінде, сол тапсырмалардың көбі орындалмай отыр», - деді ол Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында.

Оның сөзінше, Президент тапсырмасынан туындаған 34 шараның 29-ы қолға алынбаған.

«Сіз 2023 жылы Маңғыстау облысында бір емес, үш рет іссапарда болғаныңызбен, өңірде Президент тапсырмаларының орындалысы мардымсыз. Бүгінде сол 34 тапсырманың тек 5-еуі ғана іске асырылып жатыр. Ал қалған 29 іс-шара тоқтап тұр. Оның ішінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне берілген 6 тапсырма, «Самұрық-Қазынаға» қатысты 3 тапсырма, «Бәйтерекке» берілген жалғыз тапсырма, Ұлттық экономика министрлігінде 7 тапсырма, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2 тапсырма орындалмаған.», - деді депутат.

Самат Мұсабаев Жетібайдағы жерлестерінің жұмыссыздық мәселесіне жеке тоқталды.

«Ақтау – Форт-Шевченко, Таушық – Шетпе жолдарын және Құйылыс-Ақтау су желісін салу, туризм үшін Каспийдің жағалауын дамыту, жыр болған Қошқар Ата улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру сияқты маңызды жобалар. Осылай жалғастыра беруге болады.
Сондай-ақ, тұрып қалған өндірістерді жандандыру туралы тапсырмалар да іске аспады. Тіпті жұмыссыздық белең алған Жетібайда жұмыс істеп тұрған арматура шығаратын цехты «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГазды» кедергі келтіруі себебінен тоқтап тұр. Бұл Президенттің бизнесті қолдау туралы берген тапсырмаларына саботаж емес пе», - деп сұрады депутат.

Сондай-ақ, ол Үкіметтен аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін бірнеше шараны қолға алуды талап етті.

 

Самат Мұсабаев Самұрық-Қазына Жұмыссыздық Жетібаймұнайгаз

Тақырыпқа жаңалықтар