Депутаттар: Мектептерде асхана бақылаусыз қалған
«Мектептерде асхана бақылаусыз қалған». Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улануынан кейін Мәжіліс депутаттары санитария-эпидемиология қызметіне шүйлікті. Санитар мамандар білім ошақтарындағы асханада мүлдем тексеріс жүргізбеген дейді депутат Наталья Дементьева. Айтуынша, оқушыларды ыстық тамақпен қамтуда жергілікті атқарушы билік органдары да олқылықтар жіберіп отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы КТК телеарнасы жазады.
Наталья Дементьева, Мәжіліс депутаты:
— Санитария-эпидемиология қызметі мектеп асханасын жүйелі түрде тексере алмай отыр. Себебі: шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған кезеңде асханалар ұзақ уақыт бойы тексерілмеген. Қазір мараторий алынды. Осыған байланысты санитария-эпидемиология қызметінің мектептердің асханасын тұрақты түрде тексеруін қамтамасыз ету қажет. Улану жағдайы болғанда санитария-эпидемиологияны бақылау қызметтінің жауапкершілігі де қарастырылсын.
Мектептердің асханасына жеткізілетін азық-түліктің сапасы мен адам ағзасына қауіпсіздігіне қатысты талап қатаң сақталуға тиіс дейді депутат. Өнімдердің, әсіресе, ет пен сүттің нақты қайдан алынғаны туралы ақпарат ашық болуы керек.
Жауапты органдар мектептерге жеткізілетін тағамды жүйелі түрде тексеруге тиіс.
Депутат аталған іс-шараны Үкімет деңгейінде реттеп, ветеринарияны бақылау жүйесінің жұмысына қосымша талаптар енгізуді ұсынды. Мектептердің асханасын тамақпен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік сатып алу ережелерін жетілдіру қажет дейді Дементьева. Әсіресе бір компанияның бірнеше мектепке тендер ұтып алу мүмкіндігін шектеу маңызды.
Еске салсақ, өткен жұмада Бесшоқы ауылындағы № 8 мектептің бастауыш сынып оқушылары жаппай астан уланған. 500-ге тарта бала асханада берілген картоп пен котлетті жегеннен кейін өзін жайсыз сезінген.