Екі баланың анасы жұмбақ жағдайда көз жұмды: туыстары істі қайта тергеуді талап етті

Қарағандыда 28 жастағы Динара Минбаеваның өліміне қатысты іс қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Arbat.Media. 

Екі баланың анасы 2025 жылдың 3 шілдесінде күйеуімен бірге тұрған пәтерден өлі табылған.

Қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін оқиға өз-өзіне қол жұмсау ретінде сараланып, іс жабылған. Алайда марқұмның туыстары бұл қорытындымен келіспейді.

Динарының әпкесінің айтуынша, өлімінен бір күн бұрын ерлі-зайыптылар арасында жанжал болған. Әйел полиция шақырып, күйеуінің өзіне күш қолданғанын айтқан. Алайда туыстарының сөзінше, тәртіп сақшылары оның арызында тек сөзбен қорлау фактісін көрсетуге көндірген.

Сол түні Динара анасына хабарласып, күйеуінің өзін ұрып, тұншықтырғанын айтқан. Ол анасынан балаларымен бірге алып кетуін сұраған. Анасы Шымкенттен жолға шығуға дайындалғанымен, кейін қызы байланысқа шықпай қалған.

Марқұмның жақындары оның денесінде көгерген іздер болғанын алға тартады. Сонымен қатар, әйел қайтыс болғаннан кейін пәтердегі кілемнің жоғалып кеткенін мәлімдеген.

оқиға Марқұм Қаза факт

Тақырыпқа жаңалықтар