Елімізде «Ат спортындағы ветеринария» мамандығы ашылады
Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Қазақстан Республикасында ат спорты және ұлттық жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы және даму болашағы» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Ат спортында жылқылардың саулығын бақылау, рационалды азықтандырылуын қадағалау, күтіп-баптауды дұрыс ұйымдастыру және инфекциялық ауруларға қарсы уақытылы екпе жасау – тікелей ветеринариялық дәрігерлердің міндеті. Ат спортын әлемдік деңгейге шығару бағытында кәсіби мамандарды, соның ішінде жылқы баптау жөніндегі ветеринарларды дайындаудың жетіспеуі – күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, 2024-2025 оқу жылынан бастап, біздің университетте «Ат спортындағы ветеринария» мамандарын дайындау елімізде бірінші рет жүзеге асырылмақ», – деді Ақылбек Күрішбаев.
Басқосуда ұлттық жылқы спортын дамытуға қатысты жинақталған ұсыныстарды жоғары мемлекеттік органдар тарапына жолдау туралы шешім қабылданды.