Еуропалық Одақ тасқын судан зардап шеккендерге 200 000 еуро көлемінде гуманитарлық көмек бөлді
117 000-нан астам адам зардап шеккен Қазақстанның бірнеше облыстарында болған ауқымды су тасқынына байланысты Еуропалық Одақ ең көп зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде 200 000 еуро көлемінде гуманитарлық көмек бөлді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай Қоғамына қолдау көрсету аясында ЕО-тың бұл қаржыландыруы аса қажетті шұғыл көмекті, соның ішінде матрастар мен төсек-орын жабдықтары, көп мақсатты ақшалай қаражат пен гигиеналық материалдар сияқты тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге бағытталды.
«Алдағы үш ай ішінде көрсетілетін гуманитарлық көмек су тасқынынан ауыр зардап шеккен 5 мың адамға тікелей бағытталатын болады. Отбасын ұстап отырған әйелдерге, мүгедек немесе қарт адамдары бар отбасыларға, үш баладан көп баласы бар отбасыларға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінетін болады», - делінген хабарламада.
Қаржыландыруды ЕО Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Қоғамдары Федерациясының Төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету қорының жалпы жарнасынан бөлген.
Сәуір айының басында толассыз жауған жаңбыр мен көктемгі қар суынан кейін Қазақстанның бірнеше өңірінде су тасқыны болып, 117 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Су тасқынының шарықтау шегі Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында өтіп үлгерсе, Шығыс Қазақстан облысында бір аптадан кейін шарықтау шегіне жетеді деп күтіліп отыр. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Су тасқыны салдарынан 5700-ден астам мал қырылып, қазір 60 мың бас басқа жерге қоныстандырылды. Билік өкілдері су тасқынынан зардап шеккен аудандардан адамдарды эвакуациялады, ал Ұлттық Қызыл Крест/Қызыл Жарты Ай Қоғамы гигиеналық құралдарды, матрастар мен төсек-орындарды таратып, су арқылы берілетін аурулар туралы денсаулыққа қатысты негізгі ақпарат бере бастады. Қызыл Жарты Ай қоғамы қоныс аударған адамдарды қорғау қажеттіліктерін де бағалап отыр.
Анықтамалық ақпарат
Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер гуманитарлық көмектің дүниежүзіндегі ірі доноры болып табылады. Бұл бүкіл әлемдегі көмекке мұқтаж адамдарға көрсетілген еуропалық ниеттестіктің көрінісі. Көмек адамдардың өмірін сақтап қалуға, адамдардың қайғы-қасіретінің алдын алу мен оны жеңілдетуге, сондай-ақ табиғи апаттар мен техногендік дағдарыстарға ұшыраған халықтың дербестігі мен абыройын қорғауға бағытталған.
Гуманитарлық көмек және азаматтық қорғау департаментінің жұмысы аясында Еуропалық Одақ жыл сайын қақтығыстар мен табиғи апаттардың миллионнан астам құрбандарына көмектеседі. Штаб-пәтері Брюссель қаласында орналасқан, әлем бойынша өкілдіктері бар Еуропалық Одақ ең осал топтарға гуманитарлық қажеттіліктер негізінде көмек көрсетіп келеді.
Еуропалық Одақ табиғи апат жағдайында Төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету қорына (DREF) қолдау көрсету үшін Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық Қоғамдар Федерациясымен (IFRC) 8 миллион еуро көлемінде гуманитарлық жарна бойынша келісімге қол қойды. DREF қаражаты негізінен «ұсақ ауқымды» апаттарға бөлінеді, яғни ресми халықаралық үндеуді талап етпейтін жағдайларда қолданылады.
Төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету қоры 1985 жылы құрылды және донорлық жарналар арқасында қызмет істейді. Ұлттық Қызыл Крест немесе Қызыл Жарты Ай қоғамы апатқа қарсы әрекет ету үшін шұғыл қаржылық қолдауды қажет ететін кезде, ол DREF Қорынан қаражат сұрай алады. Кішігірім табиғи апаттар жағдайында IFRC Қордан гранттар бөледі, оларды донорлар әрі қарай толықтыра алады. IFRC мен ECHO арасындағы жарна туралы келісім соңғысына жалпы сомасы 10 миллион еуроға дейінгі келісілген операциялар үшін (оның гуманитарлық мандатына сәйкес келетін) DREF Қорын толтыруға мүмкіндік береді.