Қазақстан жаңалықтары30 қараша 2023, 9:00

Газбен жүретін көлік пен электромобильге арнайы белгі тағылады

Арнайы белгі электр қуатымен жүретін көліктерге де қойылатын болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы «Jibek joly» арнасы жариялады.

Жуырда ғана елде газбен жүретін көліктерге арнайы белгі тағу міндеттелді.

Елімізде жылына 200-ге жуық көлік өртенеді екен. Өртенген көлік айналасына да қауіп тудырғандықтан, оларды жабық тұрақтарға кіргізуге де тыйым салынған.

Көлікке газ құрылғылғысын орнату қызметі лицензиялануы керек және бұл жұмыс былтыр басталуы керек болатын, алайда созбалаңға салынып кетті. 

Газ бағасы бензинге қарағанда үш есе арзан және көпшілік те көлігіне газ баллонын орнатуға құмар. Бірақ, ешкім көлікке газ орнататын компаниялардың лицензиясы бар-жоғына мән бермейді. Бірінші қателік осы. Былтыр көлігіне рұқсатсыз осындай қондырғы орнатқан 13 мың көлік анықталған. Оның ішінде сұйытылған газға заңсыз көшкендері де бар.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаевтың айтуынша, белгі тағу келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап міндеттеледі. Дәл қазір еліміздегі 400 мыңнан аса автокөлікке газ баллоны орнатылған. Бірақ, құрылғылардың барлығы техникалық ережелерге сай келмейді. Сондықтан сұйытылған газбен жүретін көлікке тағылған белгі, басқаларға оның қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ паркинг қызметкерлері де, арнайы белгіні көріп, газ баллоны бар автокөліктердің кіруіне жол бермейді.

Жаңа талаптың газ баллоны зауыттан орнатылған көліктерге қатысы жоқ. Ал, газ қондырығысын қолдан қойып алып, газбен жүретін көлік екенін білдіретін белгіні тақпаса, олар 3 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Жалпы, көлігіне газ орнататындардың дені – қарапайым халық. Сол үшін құзырлы органдар газбен жүрген көліктермен емес, сол көліктерге газ қондырғысын қалай болса солай орнататын лицензиясыз орталықтармен күреседі.

Апаттың алдын-алу міндет. Сондықтан, мемлекет газбен жүретін көліктермен қатар, электромобильдерге де талапты күшейтті. Техникалық ережеге сәйкес, енді тоқпен жүретін атокөліктерді жабық мекемелерде, паркингтерде қуаттауға болмайды.

 

арнайы белгі электромобиль газ

Тақырыпқа жаңалықтар