Қазақстан жаңалықтары22 желтоқсан 2023, 1:01

Гүлдаладағы газ жарылысы: Зардап шеккендердің жағдайы

Алматы облысы Гүлдала ауылында жеке үйлерде газ жарылып, төрт адам зардап шеккен еді, - деп хабарлайды Arbat.media.

 Олардың бірі бүгін ауруханада қайтыс болды.

17 желтоқсан күні сағат 06:15–те Гүлдала ауылы Байтұрсынов көшесі, 67 және сағат 08:20–да Сүйінбай көшесі, 34 мекенжайындағы жеке тұрғын үйлерде газ-ауа қоспасының өршуінен газ жарылған еді.

Жарылыс салдарынан 4 адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі хабарлаған еді. 

Зардап шеккен екі адам Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына өте ауыр жағдайда жеткізілді. Олардың бірі бүгін таңертең қайтыс болды.

«Ауыр жарақаттарға байланысты 1991 жылы туған науқас есін жимастан, қайтыс болды. Оның 3-4 дәрежелі күйігі болды. Зардап шеккен әйел әлі реанимацияда», — деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Жарылыстың алдын ала себебі — табиғи газ құбырындағы қысымның жоғарылауынан деген болжам бар. Орын алған жағдайға байланысты аудан әкімі Танат Айдарбеков оқиға орнына барып, зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысты. Сондай-ақ Гүлдала ауылдық округі әкімінің аппараты мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен алдын алу шараларын ұйымдастырып, тұрғын үйлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Гүлдала Жарылыс газ Алматы облысы

Тақырыпқа жаңалықтар