Ғылыми атаққа үстемеақы төленеді
Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде бірқатар заң жобасы қаралды. Сонымен қатар депутаттар тиісті орындарға сауалдарын жолдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Жалпы отырыста көтерілген маңызды мәселенің бірі – ғылым саласын дамыту. Кейбір нормативтік-құқықтық актілерге ғылым мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеген заң жобасына қатысты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов баяндама жасады. Ол заң жобасының Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленгенін атап өтті. Басты мақсат – ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Құжаттың негізгі бағыттарына тоқталған депутат ең бірінші әрі маңызды мәселе – ғалымдар үшін жаңа үстемеақыны енгізу екенін атап өтті. «Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдар PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемеақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемеақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемеақы ретінде алады. Ал ол ғылым докторы қазіргі уақытта 125 мың теңге үстемеақы алса, заң қабылданғаннан кейін қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алады», деді ол.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған «саббатикал институты» атты тағы бір қолдау тетігі ұсынылып отырғанын жеткізді. «Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдары үшін шығармашылық демалыс беру ұсынылады. Бұл шығармашылық демалыстың мерзімі бір жылға дейін және осы кезеңде жетекші ғалым орташа жалақы деңгейіндегі төлемдерді алып отыруына да мүмкіндік беріледі. Бұл шығармашылық демалыс ғалымдарға ғылыми, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен айналысуға, монографияларын, ғылыми мақалаларын шығаруға мүмкіндік береді», деді ол.
Заң жобасының екінші бағыты – әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығын беру. Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреттерін кеңейтуге қатысты маңызды жаңалық ұсынылып отыр. «Мұндай шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал ете отырып, ғылымның дамуындағы өңірлік ерекшеліктер мен қажеттіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді», дейді депутат.
Үшінші бағыт – заң жобасына «ғылыми этика» ұғымының енгізілуі. Бұл норма ғылыми зерттеулердің сапасы мен жауапкершілігін арттыруға, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға бағытталмақ.
«Төртіншіден, жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің ғылым саласындағы қызметін реттеу мәселесі. Бұл – үлкен мәселе. Заң бойынша 1% деңгейінде ғылымға қаражат бөлу туралы норма бар, бірақ ол норма іс жүзінде жұмыс істемейді. Жер қойнауын пайдаланушылардың көбі қаражатты ғылымға емес, басқа бағыттарға жұмсап жатыр. Ашықтық пен бәсекелестік те жоқ. Осыған орай заң жобасы аясында жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға мемлекеттік техникалық сараптама жүргізу міндеттемелері белгіленеді және зерттеулердің мониторингі мен нәтижелерін тіркеу нормалары да ұсынылды», деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттар тарапынан ұсынылып отырған бесінші бағыт – ғылыми жобалардың қаражатын тиімді пайдалану. Яғни ғылыми жобалардың жетекшілеріне осы жобаға бөлінген бюджет қаражатын түрлі бап арасында икемді қайта бөлуге құзырет беру туралы норма ұсынылып отыр. «Бұл шара ғылыми міндеттерді орындаудың тиімділігін арттыруға және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Мұндай қайта бөлу жобаның бастапқы белгіленген мақсаттарының өзгеруіне әкелмеуі керек. Бұл тәсіл жобаларды іске асыру үдерісінде қаржыны икемді басқаруға мүмкіндік береді», деді депутат.
Сонымен бірге заң жобасында ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру, байқау кеңестерін құру, Эндаумент қорының қаражаты есебінен дарынды жас ғалымдарды қолдау үшін стипендия тағайындау туралы норма енгізу, әскерде борышын өтеген азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер ұсыну секілді мәселелер қарастырылған.