"Киноға бергісіз". Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот күннен-күнге шиеленісіп барады
Киноға бергісіз. Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот күннен-күнге шиеленісіп барады. Бүгін айыпталушы орынтағында отырған экс-шенеунік әйелі жуан жұдырықтан емес, унитазға құлап басын жарған деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Айтуынша, ішімдікке сылқия тойып алған Салтанат дәретханаға кіремін деп бір емес, бірнеше рет шалынып еденге құлаған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.
Ал бауырының кесірінен бір-ақ күнде темір торға қамалып істі болған Бақытжан Байжанов қазір Бишімбаевпен араз екен. «Барып кел, шауып келге» жұмсағаны аздай, енді сот процесінде де мазамды алды деп, бүгін ағынан жарылды.
Бүгінгі сот отырысында әйелін асқан қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың бес қаруын сайлап келгені көрініп-ақ тұр. Процесс бастала салысымен, іс материалдарында мүлдем көрсетілмеген «Бау» мейрамханасының бірінші VIP кабинкасының фотосын экс-министрдің адвокаттары қайта-қайта алқа билеге көрсетуді сұрады.
Қанды қылмыс күні бұл жерде Салтанат шыбын жаны қиналып жан тапсырған. Осылайша күні бойы сол бір күнді тәпсірлеген Бишімбаев Нүкенованың өлімінің бұған дейін жан баласы естімеген өз нұсқасын айта бастады.
Дәл осы кезде киноға бергісіз оқиға желісі өрбіді. Бишімбаевтың сөзінше, концерттен кейін «БАУ» мейрамханасына бет алған. Ішімдікке сылқия тойып алған Салтанат болмашы нәрседен ұрыс шығарып, күйеуінің шамына тиіпті-міс.
Содан кейін мастықпен де, жастықпен бе, марқұм дәретханада унитазға кездейсоқ басын соғып алып, етбетімен еденге құлады дейді айыпталушы.
— Екеуміз сол күні қатты жанжалдастық. Менің әперген киімдерімді шешіп, маған «бренд шүберектерді міндетсініп тұрсың ба» деп ойына келгенін айта бастады. Қымбат әшекейлерді жерге лақтырып, бірінен соң бір киімін шеше бастады. Не дерімді білмей: «Салта бұның не» деп, шалбарын ұстап тұрғанымда ,алды да, унитазға бетімен құлай салды. Содан соң қабырғаға соғылды. Соққы өте қатты болды, тарс еткен дауыс шықты да, дәретханаға қайта бетімен солқ ете түсіп еденге құлады, деді Қуандық Бишімбаев.
Бір басына тағылған ауыр айыпты жуып-шаямын деген Бишімбаев Салтанаттың бетін жұдырықпен ұрмадым деп ант-су ішті. «Унитаздан таяқ жеген» келіншегін тілге келтіру үшін тек аяғымен нұқып көрдім дейді.
Дәл осы тұста марқұмның туыстары өзін нашар сезініп, боп-боз кеткен түрін көрген соң, судья сотты уақытша тоқтатты.
— Адам 40 рет немесе 20 рет өйтіп тарсылдап құламайды. Мен бұған тіпті не деп айтарымды білмеймін, деді Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді.
Ал түс ауа әйелінің қалың ұйқыға кетіп, қорылдай бастағанын байқай сала, Бишімбаев «сасқанымнан жеке сәуегей балгеріме де хабарластым» дейді.
Айтуынша, айналасындағы бар адамнан көмек сұраса да, жедел жәрдем шақыруына экс-шенеуніктің дәті де бармапты, сәті де тумапты.
— Шынымды айтайыншы, қандай адам бұл? Адам деуге келе ме? Барлығымыз сараптама қорытындысын көрдік қой. Кемі 12 рет басынан ауыр затпен соққы жасағанын дәрігерлер анықтады. Бет-аузының сау жері қалмаған. Бір көзі ағып кеткен. «Унитазға өзі соғылып өле салды» дегенге кім сенеді, айтыңыздаршы?! - деді жанұшыра Салтанаттың құрбысы Карина Асыралан.
Гастроорталық директоры, Қуандықтың бауыры Бақытжан Байжановтың сол күні дәрі тасып, видео өшіруден қолы босамаған.
«Тіпті жеңешемнің хәл үстінде жатқанын білмей қалдым» деп отыр. Тек құзырлы органнан қолына кісен салып, жағдайдың қаншалықты ушыққанын сезген ол қара басының күйін күйттеу керек екенін сол кезде ғана барып түсінеді.
Ал тергеу изоляторына түскеннен бастап Байжанов ағасынан алшақтатуды сұраған. Қазір екеуінің арасы араз.
Себебі: «Бишімбаев қысым көрсетіп, айтқанынан шығармауды ғана көздейді» дейді екінші айыпталушы.