Көкшетаулық зейнеткердің қолды болған ақшасы Түркістан облысынан табылды
Көкшетауда тұратын егде жастағы әйелдің үйінен миллиондаған теңге мен рубль жоғалып кеткен. Күдікті Түркістан қаласынан ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ірі көлемдегі пәтер ұрлығына қатысты толық ақпарат берді. Қылмыс биылғы жылдың 28 шілдесінде Көкшетауда орын алған.
"69 жастағы жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс әйел оның жеке үйіне кіріп, ақшасын ұрлап кеткен. Ұрланған қаржы көлемі – 1 700 000 теңге және 2 800 000 ресей рублі. Жалпы шығын көлемі шамамен 20 миллион 700 мың теңгені құрайды", – делінген департамент хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмысты ашу және күдіктіні ұстау үшін арнайы жедел тергеу топтары құрылып, елдің бірнеше өңірінде іздестіру шаралары жүргізілген.