Көлсайға бензинмен жүретін көліктер кіргізілмейді
Елдегі 68 туристік орынның 11-і Алматы облысында орналасқан, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты.
«Біздің облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Егер республикада 68 туристік дестинация болса, 11-і біздің облыста орналасқан. Ең танымалы – Көлсай, оны бәрі біледі. Сол Көлсайда кәдімгі адам қыдыратын тротуарлар жасауды бастадық», - деді өңір басшысы.
Бағдарламада Көлсай көлдеріне жылына 1 миллионға жуық турист келетіні айтылды. Былтыр облыс әкімі Көлсайдағы автотұрақ көлге тым жақын орналасқанын, жаяу жүргіншілер жолының нашар екенін айтқан еді. Сондай-ақ, бензинмен жүретін көліктерді Саты ауылында қалдырып, Көлсайға тек электромобильдер мен газбен жүретін көліктерді ғана өткізуді ұсынған.
«Қазіргі уақытта машиналар тұрағын төмен жаққа түсіру үшін жер белгіленді. Жаңа автотұрақ құрылысы келесі жылы басталады. Сосын кәріз жүйесі бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасауды бастадық. Өйткені ол жаққа кәріз жүйесі салмаса, болмайды. Негізінде бір инвестор тауып, толық соның есебінен шешіп алу ыңғайлы болар еді. Бұл жұмыстарды қосымша жүргізудеміз. Бірнеше компания Көлсайға барып, қызығушылық танытып кетті. Өйткені онда күніне 3-4 мың турист барады және бұл сан әлі де арта түседі», - деді Марат Сұлтанғазиев.