Лудомания. Құмар ойынға қарсы кешенді жоспар әзірленіп жатыр
Құмар ойынға қарсы кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Құжатқа барлық министрлік ұсыныстарын тапсыруы қажет. Кейін ұсыныстар іріктеліп, біріктіріліп, жүйеленіп, Үкімет деңгейіндегі құжат жасақталады. Бұл туралы кеше Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, лудомания бүгінде еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіре бастаған. Көбіне жастар құмар ойындардың тұзағына түсіп жатыр. Сондықтан Жастар саясаты жөніндегі кеңес лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің орталығы ретінде осы саладағы жұмысты үйлестіріп келеді.
– Қолымыздағы құжат 25 пункттен тұрады. Оның 15-і кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде дайындалды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Команда ретінде маңызды құжаттың қабылдауына күш салу керек. Қабылданғаннан кейін де құжаттың қалай жұмыс істеп жатқанын, орындалуын бақылауда ұстауымыз қажет, – деді Ерлан Қарин.
Букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігіп, автоматтарға ақша салатындар жыл санап көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің былтырғы қыркүйек айындағы дерегінде 36 мыңнан астам отандасымыз құмар ойынға тәуелді деп көрсетілген. Дерттің құрсауына әсіресе, жастар түсіп жатыр. Сондықтан кеңес осы саладағы жұмысты барынша үйлестіріп келеді.
Кеңес мүшелерінің пайымдауынша, қоғам мен мемлекеттік органдар лудоманияға қарсы күресті және оның алдын алу шараларын жүйелі түрде әрі бірлесе жүргізуі керек. Негізі елімізде әр салада бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілген. Десек те, түйткілдің тарқауы қиын болып тұр. Мәселен, жақында Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов лудомания және есірткіге тәуелділікпен күресте жүйелілік жоқ екенін ашып айтты.
«Қазір лудомания, ішімдік пен нашаға тәуелділік мәселесі өзекті болып отыр. Осындай әлеуметтік маңызы бар дертпен күресте жүйелілік жоқ. Әсіресе, лудомания бойынша. Біздің ойымызша, емдеудің заманауи клиникалық хаттамалары болуы керек. Біз МӘМС немесе МКБЗК бойынша жеке қаржыландыру қарастыру керек деп ойлаймыз. Себебі лудомандар саны артып барады. Ішімдік пен есірткіге тәуелділер де көбейіп отыр. Осы орайда, денсаулық сақтау саласы тарапынан оларға сапалы, қолжетімді қызметті және құпиялықты қамтамасыз ету керек. Қажет болса, жеке секторды тартып, оларға мемлекеттік тапсырыс беруге болады», деді депутат.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша 2022 жылы 5,5 мың онлайн-казино сайттары мен аккаунттары, 2023 жылы 2 мыңнан аса сайт бұғатталыпты. Таяуда ғана «Әділдік жолы» РҚБ бастамасымен 300-ден аса лото клубтардың жұмысын заңсыз ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталған.
Мемлекеттік кеңесші жиынды қорытындылай келе, еліміздегі реформалардың ұрпақ болашағы үшін жасалып жатқанын және жастар қазірдің өзінде елдегі өзгерістердің бел ортасында жүргенін атап өтті. Ерлан Қарин сөзінің соңында кеңес аясында жастар мәселесі көтеріліп қана қоймай, сол мәселелер шешіліп жатқанына назар аударды.