Лудоманияға қарсы заң жобасы мақұлданды
Мәжіліс лудоманияға қарсы заң жобасын мақұлдады. Шенеуніктер мен әскери қызметшілер бәс тігетін болса, бірден жұмыстан шығарылады. Мәжіліс бүгін екі жыл бойы талқыланған лудоманияға қарсы заң жобасын мақұлдады. Ал ұзақ талқының себебін заң авторлары үлкен лоббидің болғанымен түсіндірді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.
— Заң жобасын қабылдауға ақша мен әкімшілік ресурсы бар күшті лобби топтар қарсы болды. Олар тіпті 90-жылдардағы әдістерді қолдана отырып әрекет етті. Ол нәтиже бермегесін, ақпараттық шабуылға көшіп, ақты қара етіп көрсете бастады. Жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс орындарына талтаңдап кіріп, еш тайсалмай еркін жүрді. Нәтижесінде үкіметтің қорытындысы бойынша ұсынған нормаларымыз сол күйі қолдау таппады. Ал келтірген уәждері тіпті күлкілі. Сол лоббистер қазір Еуропаның орталығында бір шыныаяқ американо ішіп, бізді бақылап отыр, деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Заңда бәс тігуге және құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылған адамдардың тізімі анық көрсетілген. Оған қоса, өзіне-өзі тыйым салудың мерзімі бір жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. Ал сол шектеуді қайта тоқтатуға болмайды. Сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген 3 жарым миллион адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың маңайына жоламауы тиіс. Ал байланыс операторларына құмар ойындарға жарнамасы бар хабарламаларды жіберуіге тыйым салынады.
Букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасына барынша шектеу қойылмақ. Лицензиясы жоқ шетелдік тотализаторлардың интернет-ресурстарына да тыйым салынады. Мәжіліс мақұлдаған бүгінгі заңда энергетикалық сусындарға қатысты да шектеу бар. Яғни енді 21 жасқа толмағандарға сусынның бұл түрі сатылмайды.
— Құмар ойындарға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай, құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындардың негізгі тұтынушылары болып отыр. Сонымен қатар Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойын ойнаған. Бүгінде энергетиктер алкогольден де қауіптірек болып барады. Қазір тіпті он жастағы бала да емін-еркін энергетик сатып ала алады, деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.