М. Әуезов атындағы университеттің ректоры мен тағы бірнеше адамға сот үкімі шықты
Сот М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы ректоры мен оның серіктеріне үкім шығарды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың мәліметіне сүйенсек, айыпталушылар адамдар тобымен алдын ала сөз байласып оқу орнына аса ірі көлемде залал келтірді деген күдікке іліккен. Бұрынғы ректор Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» және «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабымен айыпталған. Қалған сотталушылар да 189-баппен, кейбірі осы бапқа қоса «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен айыпталған.
Сот үкімімен университеттің ректоры қызметін уақытша атқарған Қайрат Нұрманбетов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржы депараменті бас есепшісі 5 жыл 7 ай 6 күнге сотталды. Ал әкімшілік шаруашылық қызметі жөніндегі департамент директоры осындай мерзімге шартты түрде сотталды.
Сондай-ақ кәсіпкер Бердәлі Төлебеков 5 жыл 7 ай 6 күнге бас бостандығынан айырылса, тағы бір кәсіпкер Ұлан Байтиковтің бас бостандығын 1 жылға шектелді. Жұмыссыз Бектас Қалдыбековке 5 жыл 7 ай 6 күн деген жаза тағайындалды.