Мақпал Жүнісова марқұм Заманбек Нұрқаділов туралы естелігін айтты
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің видеосы мен фотоларын жария етіп, марқұм күйеуіне желі парақшасында жазба арнады, деп хабарлайды Arbat.Media.
"Топырағыңыз торқа болсын, қайтып келмес күндерді қарап, бір күліп, бір жылап, өтіп жатқан өмір", - деп жазды әнші желі парақшасында бөліскен видеоның сипаттамасына.
Видеодан Жүнісова жан жарымен бірге "Айша" есімді тотықұсына арнап ән салып отырғанын байқауға болады.
Оқырмандардың бірі әншіден тотықұс бүгінде қайда екенін сұрады.
"Зәкеңнің туысқаны мен жоқта шомылдырып, тордың бір жағын жаппапты, негізі өзім ғана 10 жыл бойы душқа түсіріп, торын төрт жағынан екі сағатқа бүркеп тастайтынмын, кепкесін ашатынмын, ана қыз қымтамағасын, терезе ашық бопты, содан жел тиіп, өліп қалды", - деп оқырманына жауап берді Мақпал Жүнісова.
Видеоны көрген желі қолданушылары әншіге ақ тілектерін жаудырды.
"Дауысы сыңғырлаған Мақпал ханым, әлі де халыққа береріңіз көп болсын. Заманбектің жаны жәннатта болсын. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен бір арыстай тұлға, халықтың жадында мәңгі қалатын нар тұлға", "Көкемнің мекені жаннат болсын! Ақ жеңгем мен қарындасым Мерейге Алла өзі жар болып, бақытты баянды ғұмыр кешіңіздер! Аман жүріңіздер!", "Мұндай алып кісі 100 жылда емес 1000 жылда бір-ақ рет туылады! Алла біліп, білмей жасаған кінәсін кешірсін. Жәннаттан нәсіп етсін! Ұлы тұлға! Қазақтың арысы. Жеңге ғұмырлы болыңыз! Халықтың мейіріміне бөленіп, еркелеп жүре беріңіз", - деп жазды пікір қалдырушылар.