Қазақстан жаңалықтары28 мамыр 2024, 19:55

Мемлекеттік туды қорлаған Түркістан облысының тұрғыны сотталды

Түркістан қалалық сотында мемлекеттік туды қорлап, әлеуметтік желіге салған Сауран ауданының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Сотталушы Сауран ауданы, Ибата ауылындағы орталық көшеге ілінген мемлекеттік туды суретке түсіріп, желіге жүктеген. Содан астына Мемлекеттік туды қорлайтын сөздер жазған, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Алайда жарияланған постқа оқырмандардың наразы пікірі көбейіп кеткендіктен, салған жазбасын өшіріп тастаған. Қылмыстық әрекеттер іс материалдарына тіркелген құжаттармен толық дәлелін тапты.

Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 372-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

«Сотталушыға қолданылған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқын ұстау туралы» қолхатына өзгертіліп, ол сот залынан қамаудан босатылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ» - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

мемлекеттік ту қорлау Түркістан облысы сот

Тақырыпқа жаңалықтар