Меркіде қаза болған 19 жастағы Мадинаға қатысты ақпараттар желдей есті
Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жасында көз жұмған Мадина Рашидқызының өліміне қатысты жаңа деректер айтылды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Журналист Жан Ахмадиев марқұмның қайын жұртына барып, жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысқан. Алайда Мадинаның енесі журналистке сұхбат беруден бас тартқан. Ал жас келіншектің күйеуі де үйінен табылмаған.
Журналистің айтуынша, марқұмның киімдері мен жеке заттарын да туыстары бермеген.
Айта кетейік, 19 жастағы Мадина Рашидқызының артында сегіз айлық сәбиі қалған. Ақпаратқа сәйкес, жас келіншек Өзбекстан азаматы болған, ал күйеуі Қазақстан азаматы. Ерлі-зайыптының шаңырақ көтергеніне шамамен екі жыл болған.
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Мадина жақын құрбысына күйеуімен арада жанжал болғанын айтып, ажырасқысы келетінін жеткізген. Сондай-ақ құрбысынан 15 мың теңге қарыз сұраған. Алайда құрбысы қажетті қаражатты тауып бере алмаған.
Келесі күні Мадинаның қайтыс болғаны белгілі болған.
Әлеуметтік желідегі мәліметтерде жас келіншектің бұған дейін де отбасындағы жанжалдар туралы құрбысына айтып жүргені жазылды. Кей деректерде күйеуінің Мадинаға қол көтергені де айтылған. Дегенмен бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазір Мадинаның өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Құзырлы органдар оқиғаның нақты мән-жайы мен жас келіншектің өлімінің себебін анықтауда