Қазақстан жаңалықтары25 мамыр 2024, 15:53

Мешітте заңды неке куәлігі қаншалықты қатаң сұралады

Соңғы уақытта қоғамда некеге қатысты у-шу көбейіп кетті. Махрға қымбат көлік сұраған қалыңдықтар бір таңқалдырса, заңды некеге тұрмай, мұсылмандық жолмен 3-4 әйел алған еркектерге қатысты пікірталас тағы бар. «Біреудің жеке өмірінде шаруаң қанша?» десеңіз де, отбасының ойрандалуына, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алуына, жалғызбасты аналардың көбеюіне әрі суицидтің жиілеуіне кері әсерін тигізіп жатқанын мойындауымыз қажет, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Иә, мұсылмандық неке арқылы шаңырақ көтерудің зардабын нәзік жандылар тартып отырғанын көріп жүрміз. Әсіресе, махаббатқа басы айналған жас қыздар сүйіктісінің басқа әйелі, балалары бар екенін кейін біліп, опық жеп жатады. Бұл ретте, қоғамда мешітте неке қиған имам заңды некені дәлелдейтін құжатты қатаң талап ету керек деген пікірлер айтылып жүр.

Осы сауалды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшылығына жолдаған едік. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, мүфтият қабылдаған ережеге сәйкес, отау құрып жатқан жұбайлардан АХАТ-та тіркелгені туралы куәлік немесе өтініш бергенін растайтын анықтама талап етіледі.

«Ережені қабылдаудағы мақсат — еркектің де, әйелдің де отбасын құрудағы жауапкершілігін арттыру. Кей жағдайда дінді ұстанған азаматтар үйленіп алып, кейін «талақ» айтып, ажырасу фактілері кездесіп жатады. Ереже осындай жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін де қабылданып отыр», - дейді ол.

Жасыратыны жоқ, тұрғындар кейбір имамдардың бұл ережені қатаң ұстанбайтынына қапалы. Ауылдық жерлерде мешітке мәре-сәре болып кірген жұбайлардан заңды некенің сұралатынына күмән бар. Қалалық мешіттердің өзінде де жағдай мәз емес. Алысқа бармай-ақ, Қуандық Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенованың заңды некеге тұрмай, мұсылмандық неке арқылы тағдыр жарастырғаны белгілі. Сонда кейбір имамдар конвертке қомақты қаражат салатын бай-бағландардан заңды некені талап етпей, некесін қия бере ме?

Жуырда Алматыда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстан бюросының ұйымдастыруымен «Шариғат бойынша неке және тоқал алу – әйелдер құқығын бұзу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Белсенділердің айтуынша, ҚМДБ қарайтын мешіт имамдары берген неке қағазының заңды күші жоқ. Сәйкесінше, заңсыз көп әйел алу фактілері тыйылмай тұр. Оның зардабы айтпаса да түсінікті.

Мұсылмандық неке туралы сауалымызды ҚР Әділет министрлігіне де жолдап көрдік.

«Зайырлы мемлекет – дін мемлекеттік биліктен бөлінетін және діни нормалар емес, азаматтық нормалар негізінде реттелетін құрылымы бар мемлекет, сондықтан діни дәстүрлер бойынша жасалған неке Қазақстан Республикасының аумағында танылмайды. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» Кодексінің 2-бабына сәйкес тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана танылады. Діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиылған неке (ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда тіркелген некеге (ерлі-зайыптылыққа) теңестірілмейді және тиісті құқықтық салдар тудырмайды», - делінген министрліктің ресми жауабында.

Көптеген жұбайлар «мешітте неке қидырсақ болды, отбасы атанамыз» деген соқыр сеніммен жүр.

Айналып келгенде бұл мәселеде «билік» мемлекеттің қолында емес, зор жауапкершілікті имамдардың арқалап отырғанын көріп отырмыз. Ендеше, заңды некені керек қылмай, мұсылмандық некеге тұруға ниеттенген жұбайларды ҚМДБ өкілдері мешіттің кіреберісінен шығарып салғаны жөн болар...

заңды неке Мешіт неке қию заңдылық

Тақырыпқа жаңалықтар