Наурыз көже қалай дайындалады?
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әр үйде қазан оттан түспей, наурыз көже дайындалады. Қазақ халқы ежелден бері ырымшыл екені белгілі, жеті санын қасиетті деп білген. Аталмыш ұлттық тағам да жеті түрлі дәмнен жасалады. Ұлттық мейрам қарсаңында оқырман назарына дәстүрлі наурыз көженің бірнеше дайындау жолын ұсынуды жөн көрдік, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Наурыз көжені жеті түрлі тағамнан жасау «қазақтың ырыс-берекесі тасысын, дастарханға молшылық келсін» деген шынайы пейілден туған деседі.
Көне дәстүр бүгін де сақталғаны қуантады, әрине. Десе де әр өңірдің наурызкөже дайындау үлгісінде бірқатар айырмашылық бар. Оған қарамастан Наурызды тойлап бастаған әр адам алдымен наурызкөжеден дәм татуды мақсат тұтады.
Төменде наурыз көженің даярлану үлгісін ұсынып отырмыз.
Құрамы:
- 1 келі ет
- Қазы, қарта
- бидай - 100 грамм
- күріш - 100 грамм
- жарма - 100 грамм (перловка)
- тары - 100 грамм
- тұз
- су - 3 литр
- айран - 1 литр
Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнату қажет. Қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаған жөн. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алу керек. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатып алу қажет. Екінші жарманы және күрішті салып, 5 минут қайнаған соң, тары салынады. Талғамға қарай тұздап алу керек. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойған абзал. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластыру қажет.