Оқушылар қауіпсіздік сабағында не үйренеді
1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік сабағы басталды. Бұл сабақ апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі, тақырып жылына үш рет қайталанады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Сабақтар балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, балалардың әртүрлі өмірлік жағдайларда өз іс-әрекеттеріне сенімділігін қалыптастыруға бағытталған. Біздің міндетіміз — балаларға қажетті ақпаратты беріп қана қоймай, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Қауіпсіздік сабағында бірқатар тақырыптарға баса назар аударылады.
Балабақшадағы ересек топ балалары үшін (4 жас):
Шұғыл қызметтер мен байланыс орталықтарының телефон нөмірлерін білу, шұғыл қызметке дұрыс қоңырау шалу, өзі туралы негізгі мәліметтерді есте сақтау, терезелерге байланысты қауіптерді ұғыну, сондай-ақ балалар алаңдарында, ойын орталықтары мен аттракциондарда өзін-өзі ұстау ережелерін қалыптастыру.
Бастауыш сынып балалары үшін:
Су қоймасындағы қауіптер, есікті қағу кезінде қауіпті қалай тануға болады, бейтаныс адамдармен кездескенде қалай әрекет ету керек, мұз үстінде жүр қаупі, өзін-өзі қорғау, виртуалды достықтың қаупі және қаңғыбас иттер кезіккендегі сақтық шаралары.
Орта сынып балалары үшін:
Қауіпті челленджер тақырыптары бойынша сабақтар, бөтен адамның шақыруын қабылдамау, көшедегі қауіпті нысандардан (мысалы, субұрқақтар, электр қалқандары) аулақ жүру, кибербуллинг және одан қорғану тәсілдері, ата-аналармен сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы, интернеттегі қауіптер, сондай-ақ баланың құқықтары мен міндеттері.
Жоғары сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері үшін:
Алаяқтардың алдауына түспеу және өздерін табыстың күмәнді түрлерінен қорғау, онлайн-ойындардың тәуекелдерінен сақтану және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, теріс эмоциялар мен сөздерге қатысты дұрыс әрекет ету, қауіпсіз еңбек жағдайлары, ата-аналарға сенім және өз әрекеттері үшін жауапкершілік алу ережелері.
Айта кетейік, сабақтар балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде жүргізіледі.