Қазақстан жаңалықтары16 мамыр 2024, 19:45

Петропавлда мектеп оқушысы жігітті пышақтап тастады

Петропавлдағы № 44 орта мектептің оқушысы аулада 19 жастағы жігітке бірнеше жерден пышақ сұқты. Салдарынан бозбала ауруханаға түсіп, ота жасалды. Қазір жағдайы бірқалыпты ауыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Оқиға кеше 15 мамыр күні болған. Петропавлдағы № 44 орта мектептің директоры Анастасия Якушеваның айтуынша, 13 мамыр күні білім ордасына ерекше режимдегі арнайы мектептен 18 жастағы бұрынғы оқушылары оралған. Ол оқу жылын аяқтап, емтихан тапсырып, аттестат алуы тиіс еді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Ол 13 мамырда келді, мектепте бір күн болды. 14 мамыр күні болған жоқ, ал кеше осындай оқиға болды. Мектептен тыс жерде, аулада ол ересек баланы пышақтаған. Бірақ біз зардап шегушіні білмейміз. Балалардың айтуынша, екі жігіттің арасында келіспеушілік болып, арты төбелеске ұласқан. Бұл камерада болған көрінеді. Төбелестің нақты себебін біз айта алмаймыз, қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Ол сабақта болуы керек еді», - дейді мектеп директоры.

Жаңадан келген оқушы жұмысқа орналасып, құжаттарын әкетпек болған.

«Ол ертең жұмысқа орналасу туралы анықтама әкелетінін және мектептен кететінін айтты. Біз анықтама әкеліп, құжаттарын алуға болатынын айттық. Үйге кеттім деп мектептен шығып кеткен...Біз оны кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияларда, мектептің алдын алу кеңестерінде бірнеше рет қарастырдық. Мектепте бұл бала өзін әрдайым сабырлы ұстады, әрдайым мұғалімдерге құрметпен қарады және педагогикалық ұжымның оған ешқашан шағымы болған емес.Барлық қылмысты мектептен тыс жерде, тіпті кейде түнде жасаған, сондықтан оның ісі бірнеше рет комиссияларда қаралды. 18 жасқа толғаннан кейін оны арнайы мектеп бізге қайта оқуға жіберуге мәжбүр болған.Болған оқиғаны сол кезде өтіп бара жатқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі көріп, полицияға қоңырау шалды, өйткені ол сол кезде басқа балаларды жарысқа апармақшы болып, аялдамаға бара жатқан. Мұның бәрі олардың көз алдында болған», - дейді Анастасия Якушева.

Зардап шегуші — 19 жастағы жігіт барлығы үш пышақ жарақатын алған. Қазір ол Петропавлдағы облыстық көпбейінді ауруханада жатыр.

«Бізге кеше 15 мамыр күні сағат 11.20 шамасында ішінен және оң жақ қолынан пышақ жарақатын алған жігіт түсті. Ішіне пышақ сұғылғандықтан сырқатқа жедел түрде ота – лапаротомия жасалды. Операция штаттық режимде өтті. Кейін жансақтау бөліміне жатқызып, бүгін таңертең жағдайы тұрақталғандықтан хирургия бөліміне ауыстырылды. Отаның жасалғанына көп уақыт өте қойған жоқ, сондай-ақ лапаротомия істелді, зақым келген органдарды тіктік, сондықтан сырқаттың жағдайы ауыр. Тезірек аяғына тұрып кетуі үшін тиісті ем-дом толық жасалып жатыр», - дейді СҚО көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Руслан Абетов.

СҚО полиция департаменті де осы қылмысқа қатысты түсініктеме берді.

«Полиция қызметкерлері қала тұрғынын ізін суытпай ұстады. Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп күдіктелуде. Күдікті Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде», - делінген СҚО полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Петропавл Оқушы Пышақтау Қылмыс

Тақырыпқа жаңалықтар