Қазақ күресінен мықтылар анықталды
Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ҚР Президенті іс басқармасы қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен өткен турнир мәресіне жетті. Жыл сайын Президент іс басқармасы жүйесіндегі барлық мекемелердің қатысуымен бірқатар спорт түрінен дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі сайысқа басқарманың түрлі бөлімшелерінен келген 80-ге жуық балуан боз кілемде бақ сынасты. Турнирдің ашылуында ҚР Президенті Іс басқармасы аппаратының басшысы Серік Кенжебаев жарыс Республика күніне орай өткізіліп жатқанын атап өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Қазақ күресі адамның күш-жігері мен ептілігін көрсетеді, сондай-ақ бұл спорт ерлік пен төзімділіктің, қарсыласқа деген құрметтің көрінісі. Қазақ күресі - өте тартымды спорт түрі. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Соның нәтижесінде қазақ күресі өте танымал екеніне көзіміз жетті. Бұл тұрғыда қазақ күресі қатысушы ең көп тіркелген спорт түрі атанды», - деді С. Кенжебаев.
Өз кезегінде Президент іс басқармасы Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің басшысы Ербол Адаев бүгінгі жарыс өте тартысты өткенін, сондай-ақ Президент іс басқармасы осындай дәстүрлі турнирлерді ұйымдастыруды жалғастыра беретінін айтты.
Турнирге қазақ күресі қауымдастығының кәсіби төрешілері қазылық етті. Жарыстың бас төрешісі, қазақ күресі қауымдастығының менеджері Әбдірахман Самыраттың айтуынша, бүгінгі турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
«82 келіге дейінгі және 82 келіден жоғары салмақ дәрежесінде балуандар қатысты. Жарысқа келген 78 спортшының дайындығын жақсы деп бағалаймын. Олар кәсіби спортшы болмаса да, турнирге тиянақты дайындалғанын көріп отырмыз. Былтыр да ҚР Президенті іс басқармасы қызметкерлерінің жарысы болған. Осындай турнирлерді дәстүрлі түрде өткізудің арқасында балуандардың күрес деңгейі өсіп келе жатыр деп айта аламын. Жалпы, мұндай іс-шаралар елімізде спорттың дамуына елеулі үлесін қосады. Бүгін спорт кешеніне әкелеріне, ағаларына, тустарына жанкүйер ретінде біраз бала келгенін көріп отырмын. Олар осыны көріп, өсе келе қазақ күресіне барады», - деді Ә. Самырат.
Төрт сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты турнирдің қорытындысы мынандай:
82 келіге дейінгі салмақ дәрежесі:
3-орын – Нұрболат Құлманов (ҚР Президенті телерадиокешені);
2-орын – Мереке Мұрат (Президент әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы);
1-орын – Райымбек Жұлмағамбетов (Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы).
82 келіден жоғары салмақ дәрежесі:
3-орын – Бақтияр Серікбай (Президент іс басқармасы);
2-орын – Есен Түгелбай (Президент әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы);
1-орын – Аман Түгелбай (Президент әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы).
«Ең ересек балуан» аталымында Кеңес Мұсапіров (МТҚБ Автошаруашылығы) марапатталды.