Қазақстан БҰҰ стандарты бойынша қартайған елдер қатарына кіреді
ФОТО: Depositphotos
Depositphotos
Қазақстан жаңалықтары2 қазан 2024, 13:00

Қазақстан БҰҰ стандарты бойынша қартайған елдер қатарына кіреді

Халықаралық қарттар күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясы өтті. Үлкенді сыйлау, қарттарға құрмет көрсету ежелден бар дүние. Олай болса еліміздегі егде жастағы кісілерге қандай жағдай жасалған, біздің қарттардың орта жасы қаншада? Қоғамдық саясат институты аталған күнге орай шолу жасапты. «Әлемдік демографиялық перспективалар» баяндамасына сәйкес, 65 жастан асқан адамдардың саны басқа жас топтарымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Болжам бойынша, 2050 жылы 65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі 16%-ға өседі және 5 жасқа дейінгі балалар санынан екі есе артып, 12 жасқа дейінгі балалар санымен теңеседі, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Қазақстандағы жағдай әлемдік трендке сәйкес келіп отыр, 5 жыл ішінде елімізде қарттардың үлесі 22,2% өсті.

Айта кетсек, БҰҰ стандарттары бойынша 65 жастан асқан қарттардың үлесі 7%-дан жоғары болса, қартайған ел саналады. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 65 жастан асқан адамдардың саны 1 771 909 немесе 8,8%. Бұл Қазақстанның қартайған елдердің қатарына кіргенін айқындайды.

Еліміз бойынша қарттардың тұрғылықты жері және әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштеріне келсек:

- егде жастағы халық көбінесе қалада тұрады (65%), қалғаны ауылда (35%);

- демографиялық бөліністе еркектерден (37%) әйелдер көп (63%);

- 65 жастан асқан адамдардың көбі Алматы қаласында (205 586), Қарағанды (139 449) және Түркістан облысында өмір сүріп жатыр (121 299);

- ең аз көрсеткіш Маңғыстау (42 353), Атырау (44 203) және Ұлытау облыстарында (20 356).

Қазақстанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 131 872 теңге.

Мемлекеттік қолдаудың басқа шаралары да қарастырылған:

- табысы төмен немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған қарттарға арналған әлеуметтік жәрдемақылар;

- тұрғын үй мәселесін реттеу, емдеу немесе тұрмысын жақсарту сияқты арнайы қажеттіліктерге арналған біржолғы жәрдемақылар;

- ауруханаларда тегін медициналық көмек және емдеу;

- газ тарту жабдықтарын орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу;

- санаторийге жолдамалар тағы сол сияқты.

Жергілікті атқарушы органдар қарттарға белсенді қолдау көрсетіп, мерекеге орай біржолғы қаржылай төлем жасайды, алайда оның көлемі бюджеттің жай-күйіне байланысты. Мысалы, Астанада 2,5 айлық есептік көрсеткіш (9 230 теңге) көлемінде, Ақмола облысында 2 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін (7384 теңгеден 18 460 теңгеге дейін) төлейді. Павлодар облысында 2 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін (7384 теңгеден 11 076 теңгеге дейін) төлем қарастырылған. Ақтауда 70 жастан асқан зейнеткерлерге 2 АЕК көлемінде төлем жасалады.

Қазақстан қартайған елдер БҰҰ

Тақырыпқа жаңалықтар