Қазақстан жаңалықтары17 қаңтар 2024, 12:12

«Қазақстан халқына» басшысы марқұмдардың ағзасын рұқсатсыз алуды ұсынды

2022 жылы негізі қаланған «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев елде қаза тапқан адамдардың ағзасын жақын-жуығының рұқсатынсыз алу жайын ұсынды. Ол осы мақсатты жүзеге асыру үшін қолданыстағы заңға бірқатар түзету енгізу қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Қазақстан халқына» ҚҚ қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру туралы» мәселе қозғалған дөңгелек үстелде Болат Жәмішев ағза алмастыру бағытында қордан қаржы емес қолдау сұраған дәрігерлердің сөзін тілге тиек етті.

«Дәрігерлер қордан ақша қажет емес, елімізде мәйіт донорлығы қайта жұмыс істейтіндей етіп заңды өзгерту керек дейді. Конференция өткіздік. Үкіметті және қоғамды трансплантация және мәйіт донорлығы туралы заңды өзгертуге әлі де ынталандыруды көздеп, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге осы конференцияға қатыстық», деді Болат Жәмішев. 

Қазіргі таңда елде 4 мың пациент ағза трансплантациясы бойынша кезегінің жетуін үмітпен күтіп отыр екен.

Олардың қарайлайтын бағыты көз жұмған адамның организмдерін алу заң бойынша реттелген елдер.

«Қазақстан халқына» қоры шет елден ағза алдыру құны қымбат болғандықтан, қаржы барлығына жетпейтінін алға тартып, елдегі заңды қайта екшеп, өзгерістер енгізуге мүдделі болып отыр.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте тірі адамдар да донор бола алатыны белгіленген.

Елімізде тірі кезіндегі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды.

Комиссия бекіткен талапқа сай тірі кезінде мына тізімдегі адамдар ғана донор бола алады:

  • 18 жастағы және осы жастан асқан азаматтар;
  • әрекетке қабілетті адамдар;
  • ағзасын (ағзасының бөлігін) және тіндерін (тінінің бөлігін) одан әрі трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариус бойынша куәландырып, келісімін білдірген тұлға;
  • ағзасын (ағзасының бөлігін) алу денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтіні расталатын жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өткен адам.

Айта кетейік, қайтыс болған адамның ағзасы донор ретінде берілетін болса, 7 адамның өмірін құтқару мүмкіндігі пайда болады.

Қазақстан халқына марқұмдар донор рұқсат

Тақырыпқа жаңалықтар