Қазақстанда алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болды
Ішкі істер министрлігінде алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болғанын ескертті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта қаскөйлер күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, жалған аккаунт ашу фактілері көбейген.
Олар мессенджер мен әлеуметтік желілер арқылы хабарласып, өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс адам ретінде таныстырады.
Алаяқтар түрлі сылтаумен шұғыл түрде қарызға ақша аударуды сұрайды. Осыған байланысты ІІМ азаматтарды ақша аударуды талап еткен хабарламаларға, тіпті ол таныс адамның атынан келсе де, бірден сенбеуге шақырады. Сондай-ақ министрлік ешкімге SMS-код, банк картасының деректерін, құпиясөз бен өзге де жеке мәліметтерді бермеу керек екенін ескертті. Бұдан бөлек, күмәнді сілтемелерден өтпеуге және белгісіз қосымшаларды орнатпауға кеңес береді.
Егер осындай хабарлама келсе, ақпараттың рас-өтірігін міндетті түрде өзіңіз білетін телефон нөмірі немесе ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.