Қазақстан жаңалықтары5 қазан 2023, 22:47

Қазақстаннан Түркияға 73 жастағы қария жаяу барды

Қазақстандық саяхатшы түрік астанасына жетпес бұрын бірнеше мемлекетті жаяу кесіп өтіп, мыңдаған шақырымды артқа тастаған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ҚазАқпарат егжей-тегжей жазды.

Қазақстандық ақсақал Сәрсенбай Қотырашев үш мемлекеттің аумағын жаяу жүріп өтті. Ол Ресей мен Грузия арқылы түрік еліне жету мақсатында Қазақстаннан 2 тамызда шыққан.

Жолаушы — қарапайым ата. Бірақ оны «қарапайым» деп атауға келмейтін тәрізді. 73 жаста екеніне қарамастан, ессіз әрекеттер істеуге күш-жігері толып тұр.

Ақсақал әлемді өз көзімен көріп, зерттеуді, саяхаттап, Отанын танытуды бұрыннан армандаған екен.

Жаяу жүруді жақсы көретін ақсақал осылайша 2 ай ішінде Түркияға жетіп, аңызға айналған, тарихи Ыстамбұлда сапарын аяқтайды.

Әлемді жаяу аралау туралы ой Сәрсенбай Қотырашевқа 7 жыл бұрын келген. Бірақ оны орындау мүмкіндігі биыл ғана бұйырды. Бір жыл бұрын Сәрсенбай ата Қазақстанды аралап шыққан.

Еліміздің 17 облысы мен Алтайды кесіп, 8 000 шақырым жол жүрді.

 Оның саяхаттаудағы мақсаты — әлем қоғамын бейбітшілік пен достыққа шақыру. Ол жол бойы кездескен адамдарға Қазақстан, қазақ тілі мен халқымыз туралы айтады.

Сонымен қатар Сәрсенбай ата адамдарға қазақ халқының құндылықтары мен мәдениетін насихаттап, тарихи фактілерді бөлісіп, қазіргі, заманауи Қазақстан туралы әңгімелеп береді.

Ақсақалдың сөзінше, саяхаттауға ешқашан кеш емес, сол себепті орныңнан тұрып, жолға шығу керек.

— Адам денсаулығын жақсартқысы келсе — күніне, кемінде 7 шақырым жаяу жүру қажет. Мен сөйтемін және ол үшін спортшы болу міндетті емес, — дейді саяхатшы.

Сәрсенбай атаның сөзінше, оның бала кезінде спортпен шұғылдану мүмкіндігі болмаған. Ол қарапайым жұмысшылар отбасында өскендіктен, әкесінің табысы баласын спорт секцияларына беруге жетпеген.

Әкесі — Ұлы Отан соғысы ардагері, анасы — еңбек ардагері. Өзі бес баланың үлкені.

Қазір саяхатшы болған ата жас кезінде ата-анасына көмектесуге мәжбүр болып, өндіріс орнында жұмыс істеген. Бұл жұмыс оған мінезін шыңдап, денсаулығын нығайтуға көмектесті.

Таңғаларлығы — жолда ол бір рет те ауырып не өзін жайсыз сезінбеген.

— Мен түрлі дәрігерлерден бірнеше рет медициналық тексерістен өттім, олардың бәрі менің физикалық формам тамаша екенін, өз жасым үшін денсаулығым өте жақсы екенін айтады. Аллаға шүкір, денсаулығымда кінәрат жоқ. Қан қысымым әлі күнге дейін 120×80, — деп атап өтті ол.

Өзінің жаяу сапарларын Сәрсенбай ата 3 кезеңге бөлген. Бірінші кезең — Қазақстан бойынша саяхат болды. Екінші кезең аясында ол үш елге — Ресей, Грузия мен Түркияға сапарлады.

Бұл жолы ол Жезқазғаннан Астанаға, ары қарай Атырауға барды. Одан кейін Ресейге, Грузияға табанын тигізіп, Түркияға жетті.

Түріктердің астанасын көргеннен кейін Стамбұлға жетіп, сол жақта «жаяу серуенін» аяқтап, елге қайтуды жоспарлап отыр.

Сәрсенбай ата сапарының Түркияда аяқталуы да бекер емес. Ұзақ жолын ол Қазақстан мен Түркияның бауырластығына, сондай-ақ 3 қазанда аталып өтетін Түркітілдес елдердің ынтымақтастығы күніне арнайды.

— Жиһан кезу өте қызық. Ол үшін маған көп нәрсе қажет емес. Мен өзіммен шабадан мен жолдорбамды ғана алып, ең қажет заттарды саламын. Мәселен, шабаданымда ұйықтауға арналған көрпе қап, ауа райына қарай киім-кешек пен жауын өткізбейтін шекпен бар. Сонымен қатар арбама қажет қосалқы бөлшектер мен кей құрал-сайманды салып алдым. Жолға көп тамақ алмаймын, ыстықта ол тез бұзылып кетуі мүмкін. Жолдорбама белгілі бір қашықта жеп үлгеретін тамақты саламын. Бұл жолы маған өзім қазірге дейін жұмыс істейтін зауыт пен біздің Географиялық қоғам қаржылай көмектесті. Жалпы жолға өзімнің жиған ақшам мен зейнетақыма шықтым, — деп тәжірибесін бөлісті саяхатшы.

Үшінші кезеңді Сәрсенбай ата келесі жылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ол 9 елді жаяу шарлап, Еуропаға бармақ.

            Фото: Ақжігіт Чукубаев/ҚазАқпарат

Сәрсенбай Қотырашев саяхатшы қария Қазақстан-Түркия

Тақырыпқа жаңалықтар