Қазақстанның Түркиядағы елшілігі азаматтарға үндеу жасады
Түркиядағы соңғы уақытта болып жатқан жағдайларға қатысты Қазақстанның Түркиядағы елшілігі азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Arbat.media.
Еске салайық, Түркияда президент Режеп Тайып Ердоғанның басты оппозициялық қарсыласы Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлу ұсталғаннан кейін жаппай наразылықтар басталды. 19 наурызда полиция Имамоғлудың үйіне басып кіріп, оны сыбайлас жемқорлық айыптарымен ұстап әкеткен.
Оның ұсталғаны туралы ақпарат тарасымен халық жаппай наразылық білдіре бастады. Наразылық 50-ге жуық қаланы қамтыды. Көшеге жиылған халықтың көбі студенттер болды. Митинг ұйымдастырушылар билікті оппозицияны саяси қудалады деп айыптады.
"Қалыптасқан жағдайға байланысты халық көп жиналатын орындарға бармауға, шерулер мен митингілерге қатысудан бас тартуға, күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауға, жаңалықтарды қадағалап, биліктің нұсқаулықтарын орындауға және Қазақстан Республикасының Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста болуға шақырамыз", - делінген хабарламада.
Елшілік әлеуметтік желілерде демонстрациялар туралы ақпаратты және оқиғаға қатысты жеке пікір таратудан бас тартуға шақырған.