"Қырыққұлақ жұлған". Баянауылда туристерге ескерту жасалды
Таулы өлкеге тыныстап келгендер жартастар маңында сирек кездесетін қырыққұлақ (папоротник) өсімдігін жұлып алған. Ұлттық табиғи парктің қызметкерлері полицейлермен бірлесіп, демалушылар арасында профилактикалық әңгіме жүргізді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ұлттық парктің мамандары хабарлады, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы туристерден сирек кездесетін өсімдіктерге тиіспеуді сұрап отыр. Тау аралап, қызық іздегендер қырыққұлақ өсімдігін жұлып тастағаны туралы факті тіркелген. Парк мамандары аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұған демалушылардың ішінде сирек кездесетін өсімдікті жұлып алған жағдай себеп болған.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 378 бабында: «Өсiмдiктер өсетiн жерлер мен жануарлардың мекендеу ортасын қорғау қағидаларын, жануарлардың көбею жағдайларын, өріс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын, зоологиялық және ботаникалық коллекцияларды жасау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларын бұзу, сол сияқты жануарлар түрлерін заңсыз қоныс аударту, интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру –ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға — сегіз, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — он төрт, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне — жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», -деп көрсетілген.
Тәртіп сақшылары демалыс аймағындағы «Березка» демалыс үйінің басшылығына аталған оқиға бойынша ескерту жасады.
Егер демалушылар арасында өрескел жағдай тағы қайталанатын болса, кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынады.