Қазақстан жаңалықтары4 қаңтар 2024, 9:12

Риддерде 600 орындық қазақ мектебі бой көтереді

Риддерде жылдар бойы мәселесі шешілмей келе жатқан қазақ мектебі салынатын болды. Жаңа жыл қарсаңындағы бұл жаңа­лықты кеншілер қаласының тұрғын­дары зор қуанышпен қабыл­дады. Шығыс Қазақстан облысы мен Риддер қаласының әкімдіктері және «Казцинк» компаниясы арасында 600 орындық мектеп салу жөнінде үш жақты меморандумға қол қойылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жаңа мектеп ғимаратының құры­лы­сына арналған орынды Риддер қаласының әкімдігі анықтайды. Орын әлбетте тұрғындарға қолайлы болуға тиіс. Сонымен қатар қала әкімдігі барлық қажетті инженерлік коммуникацияларды жеткізуді қамтамасыз етеді. Мектептің құрылысын қысқа мерзімде аяқтау жоспарланған.

Меморандумға қол қою барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев әлеуметтік бастамаларды өз мойнына алатын ірі кәсіпорындардың еңбегін ерекше атап өтті.

– Риддер қаласында 16 мектеп жұмыс істейді. Алайда көптеген мектептің қабырғасы өткен ғасырдың 30-жылдары қаланған. Мыңдаған тұрғыны бар қалада соңғы рет мектеп 1974 жылы, одан соң тек 50 жылдан кейін 2022 жылы ғана бой көтерген. Сондықтан заманауи кабинеттермен жасақталып, барлық қажетті заттармен жабдықталған жаңа жайлы мектеп салу – балалар үшін, педагогтер мен ата-аналар үшін тамаша сыйлық болады, – деді Е.Көшербаев.

Экспортқа бағдарланған «Казцинк» сияқты ірі кәсіпорын үшін жаңа мектеп салу – бизнестің әлеуметтік жауапкер­ші­лігі ғана емес, сонымен қатар компания қыз­меткерлері үшін қолайлы орта құру мақ­сатындағы ұзақ­мерзімді инвестиция.

– Біздің компания қызметкерлерінің жартысына жуығы Риддерде жұмыс істейді. Біз жалпы қаланың дамуына, оның ішінде мамандарымыз бен олардың отбасыларына қолайлы жағ­дай жасау мәселесіне айрықша көңіл бөле­міз. Бүгінгі меморандум – ірі бизнес пен мем­ле­кеттік органдардың осы бағыттағы тиімді әріптестігінің тамаша үлгісі, – деді «Казцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев.

Жаңа мектеп салу – орта білім беру ұйым­да­рында жайлы және қауіпсіз білім беру орта­сын құрудың тағы бір қадамы. Оқушылар сапа­­лы білім алу мүмкіндігіне ие болады. Ең бас­ты­сы, қазақ мектебінің мәселесі шешіледі. Ес­тері­ңізде болса, үлкен қоғамдық резонанс ту­дыр­ған «Шаңырақ» мектебінің оқушылары қазір­гі таңда №11 жаңа мектепке көшірілген еді.

Айта кетейік, былтырғы тамыз айынан бастап Риддерде «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы аясында тағы бір жаңа мек­тептің құрылысы басталған. Бұл бағдар­ламаның мақсаты – орта білім беру ұйым­дарындағы апатты нысандарды, үш ауы­сымды оқытуды және оқушы орындары­ның тапшылығын жою.

ШҚО Риддер қазақ мектебі

Тақырыпқа жаңалықтар